Антикор туризм саласындағы жемқорлықты тексеруді бастады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның аумақтық департаменттері заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында туризм саласындағы жемқорлық тәуекелдерін талдауды бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Талдау Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының, «Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы» АҚ мен жергілікті атқарушы органдардың қызметін қамтиды.
Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру және оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету, туристік қызмет саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, бюджетті жоспарлау және игеру, туристік саланы субсидиялау және бюджеттік кредиттеу мәселелерін зерделеу жоспарлануда.
Агенттіктің аумақтық департаменттерінің қызметкерлерінен басқа, талдауға мүдделі мемлекеттік органдардың сарапшылары мен азаматтық қоғам өкілдері тартылады.