Алма Сайлауқызы: Тәуелсіздік — мен үшін өте қасиетті ұғым
Бүгін – Тәуелсіздік күні. Мереке күні алаштанушы, PhD ғылым докторы Алма Сайлауқызы мейрам жайында пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
Тәуелсіздік — мен үшін өте қасиетті ұғым. Еліміз өз тұғырына қонған кезде 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршін едім. Ұстаздарымыз тебірене сабақ өтіп, дербес ел болғанымызды айта отырып, «Бұрын мынаны айтқызбайтын, енді айта аламыз. Бұрын мына ақын-жазушыны оқытпайтын. Енді оның рухты жырларынан нәр алуға жол ашық. Осы тәуелсіздік кезін ата-бабамыз сан ғасыр күтті, ал сендер соны көріп тұрған бақытты ұрпақсыңдар!..» деп санамызға сіңіретін. Тәуелсіздіктің кілті болған 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі болғанын да жиі еске салатын. «Бірінші рет октябрят атанбаған буын сендер болып тұрсыңдар!» деген тамсану мен тебіренуді қатар естіген де, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығында қолдарыңа аттестат алдыңдар. Оны баянды етуге күш салар жаңа ұрпақ — сендерсіңдер!» деген тағылымды өсиетті арқалаған да буын біз болдық, - деді MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры.
Сондай-ақ спикер әлемнің дамыған елдерімен терезені тең етер санаулы құрал — білім, өнер, әділдік, еңбек және табандылық екенін естен шығармаған жөн екенін айтты.
Бодандықтан жаңа босап, аңсаған азаттықты алған жас мемлекеттің жаңа буыны болып үлес қосу — зор жауапкершілікті іс. Сол буынның кемеліне жетіп, нағыз тізгінді алар шағы енді келіп жатыр. Ылайым, әділдік пен шыншылдықты ту еткен, арам жолдан ада, елін сүйген нағыз мықты мамандар қазақ мемлекетінің шаңырағын биік ұстап, керегесін берік ете берсе екен деймін. Әлемнің дамыған елдерімен терезені тең етер санаулы құрал — білім, өнер, әділдік, еңбек және табандылық екенін ұмытпаған абзал. Тәуелсіздіктің тұғыры берік, мәртебесі биік болып, мәңгілік дербес ел болып дами беруге жазсын! – деді көпбалалы ана Алма Сайлауқызы.