Аида Балаева Бибігүл Төлегенова мен әуе компаниясы арасында болған жағдайға қатысты пікір білдірді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісіндегі парақшасында әнші Бибігүл Төлегенованы Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Әуе компаниясымен пікір қайшылығына бармай-ақ, орын алған жағдайға байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Нақтырақ айтқанда, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі. Ал қазақ өнерінің бұлбұлы, өнер майталманы Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, ұзақ өмір мен сарқылмас күш-жігер тілеймін!», - деді Аида Балаева.