00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Масс-медиа» туралы заң халыққа қызмет ететін маңызды құжат болады – Аида Балаева

20 маусым, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
«Масс-медиа» туралы заң халыққа қызмет ететін маңызды құжат болады – Аида Балаева
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Осыған қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Құрметті достар! Мемлекет басшысы «Масс-медиа» туралы заңға қол қойды. Заң медиа саласы өкілдерінің, көпшілік қоғамның жан-жақты әрі кең ауқымды талқысынан өтті. Сол себепті аталмыш заң халыққа қызмет ететін маңызды құжат болады деп сенеміз. Заңның әзірленуіне, жан-жақты жетілуіне атсалысқан барша азаматқа зор алғыс білдіремін! Оның ішінде депутаттық корпус, журналистік қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысып, еліміз үшін осы маңызды заңды әзірлеуге айрықша үлес қосқанын атап өткім келеді, - деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, «Масс-медиа» туралы жаңа заң заман талабына сай қажет болды.

1999 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы заңға 40-тан астам өзгеріс енгізілді. Көпжылдық құжатты жетілдіріп, заманға сай бейімдеу – уақыт қажеттілігінің айқын көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында заңды қайта қарау жұмысы қолға алынды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі деңгейінде заң түрлі мүдделі тараптардың қатысуымен белсенді түрде талқыланды, бұл алдағы өзгерістерді жан-жақты қалыптастыруға мүмкіндік берді.  Заң жобасын депутаттық корпус пен Мәжілістегі журналистер өкілдігі жан-жақты әрі терең талқылануына ықпал етті. Олардың белсенді жұмысы арқылы барлық аспектілер мен ерекшеліктер ескеріліп, заң заманауи медиа кеңістіктің қажеттілігіне барынша бейімделді, - деді Аида Балаева.

Тиімді құқықтық тетіктерді әзірлеу мақсатында құрылған жұмыс тобы 57 отырыс өткізіп, оған БАҚ өкілдері, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді қатысты.

Осы маңызды процеске қатысқандардың барлығына тағы да алғыс айтамын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен бірлесе атқарған жұмыстарыңыз еліміздегі медиа саласын одан әрі дамытуға негіз болатын тарихи құжат жасауға мүмкіндік берді. Бәріміз бірлесіп Қазақстанның медиа кеңістігін ашық әрі жемісті жұмыс істеуі жолында жұмыла қызмет етеміз деп сенемін, - деп сөзін түйіндеді министр.