Ақмола облысында сот талабын орындамаған аудан әкіміне айыппұл салынды
Ақмола облысында аудан әкіміне сот талабын орындамағаны үшін ақшалай айыппұл салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық сотқа сілтеме жасап.
Соттың Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жер теліміне құқықты қайта ресімдеу жөніндегі аудан әкімдігінің қаулысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралыталап арызды қараған.
Алқаның қаулысымен талап қанағаттандырылып, әкімдік қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Істі қарау барысында алқа іс бойынша елеулі маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін даулы жер теліміне қатысты іс материалдарында жоқ мәліметтерді талап ете отырып, аудан әкіміне сот сұрау салуын жолдады», - делінген сот хабарламасында.
Сот процеске қатысушылар уақытылы және толық көлемде мәліметтер мен құжаттарды ұсыну қажет екенін алға тарта отырып, сот сұрауын жіберетінін ескерткен.
Сот өкілдерінің анықтауынша, әкім сот сұрауын уақтылы алған, бірақ сот белгілеген мерзімде оны орындамаған және орындау мерзімін ұзарту жөніндегі алқаға жүгінбеген.
«Соттың сұрау салуын орындамағаны жауапкердің іс жүргізу құқығын теріс пайдаланғанын куәландырады», - делінген хабарламада.
Облыстық сот алқасының ұйғарымымен аудан әкіміне 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған. Сот актісі заңды күшіне енді.