Ақмола облысында 9 мыңға жуық бала тегін үйірмелерге қатысады

6 мамыр, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ақмола облысында 9 мыңға жуық бала тегін үйірмелерге қатысады
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Биыл  Ақмола облысында 9 мың бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысады, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда өңірде 277 үйірме жұмыс істейді, оған 8,5 мыңнан астам бала қатысып жатыр. Үйірмелер Ақмола облысының барлық аудан, қалаларында ашылған.

Ең танымал бағыттардың қатарында бейнелеу өнері, вокал, хореография, музыкалық аспаптарда ойнау, театр өнері мен қолданбалы шығармашылық бар. Шығармашылық топтарға  қатысатын балалар облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 2025 жылы «Антре&Радуга», «Adagio» секілді шығармашылық студиялар Шымкент қаласындағы халықаралық BI STYLE байқауына және Арқалықтағы республикалық «Балалар аманаты» конкурсына қатысты.

Сонымен қатар, «Шапағат» жеке кәсіпкерлігі жанындағы би ұжымдары Mega Snow, World of Talent, Gulnar Fest халықаралық байқауларында жүлделі орындар иеленсе, «Марғұлан» ұжымы Turkestan Music Festival жеңісінен кейін Дубайда өткен халықаралық фестивальге шақырту алды. «Сәмеке» студиясының балалары БАӘ-де өткен NURLY FEST DUBAI фестивалінде бірінші орын мен Гран-приді жеңіп алды.

Ақмолалық шығармашылық ұжымдар мүмкіндігі шектеулі балалар мен ардагерлерге арналған қайырымдылық концерттерге де белсенді қатысады. Бұл бастама балалардың ғана емес, қоғамның рухани дамуына ықпал етіп отыр.