Гір көтеру спортынан үш дүркін әлем чемпионы әскерде борышын өтеп жүр

Бүгін, 14:28
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views59
Гір көтеру спортынан үш дүркін әлем чемпионы әскерде борышын өтеп жүр
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Гір көтеру спортынан үш дүркін әлем чемпионы Еркебұлан Келдібаев әскери борышын өтеп жүр. Ол Алматы қаласында орналасқан, Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілген 5571 әскери бөлімінде қызмет етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан өңірінің тумасы, қатардағы жауынгер Еркебұлан Келдібаев – танымал спортшы, гір көтеру спортынан үш дүркін әлем және Азия чемпионы,  спорт шебері. Бала кезінен-ақ даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлігі мен қайсарлығына тәнті болып өскен Еркебұлан спорт алаңдарында шынығып, мінезі мен жігерін енді әскер сапында шыңдап келеді.

Әскери бөлімде Еркебұланды қарулас жолдастары ыстық ықыласпен қарсы алды. Ұландықтар оның рухының мықтылығы, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы үшін құрметпен «Қажымұқан» деп атап кеткен. Бос уақытында да Еркебұлан жаттығуларын үзбей жалғастырады, себебі күш-қуат үнемі еңбекті талап етеді. Дәл осы құлшыныспен ол қоғамдық тәртіпті күзетуде. Қала қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып, тәртібі мен бабын бұзбай, болашақ жеңістерге дайындық үстінде.

«Ұлттық ұландағы қызмет – үлкен жауапкершілік, тәртіп пен төзімділіктің мектебі. Мұның бәрі спортта алған тәліміммен бірдей. Осы арқылы жастарды әскерге баруға, спортпен шұғылдануға жігерлендіргім келеді», - деді Еркебұлан Келдібаев.

Ол алдағы уақытта  халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның туын биікте желбіретуді қалайды.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан халықаралық аренада жетістікке жеткен жауынгерлерін әрдайым қолдап, олардың дамуына жағдай жасайды. Соның айқын дәлелі – қатардағы Еркебұлан Келдібаев спорт, әскери қызмет пен отансүйгіштіктің үйлесім таба алатынын дәлелдеп келеді.