82 миллион теңге: астаналықтар арзан еден сатып аламын деп, алаяққа алданып қалды


Қылмыскер табысты кәсіпкердің кейпін жасап, жалған келісімшарттар жасап, клиенттерді Ресей Федерациясынан еден сатып алып беремін деп алдаған. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол әлеуметтік желілерде өзінің жалған әрекеттерін белсенді түрде жарнамалай отырып, шетелден құрылыс материалдарын жеткізу бойынша байланыстарын айтып, клиенттерді сендірген.
Мысалы, жәбірленушілердің біріне 6 млн теңгеден астам залал келтірілген, бұл қаражатты қылмыскер өз қалауы бойынша жұмсаған. Оның әрекетінен 49 адам 82 миллион теңгесінен айырылып қалды.
Сотта прокурорлар сотталушының өз міндеттемелерін орындауға нақты мүмкіндігі болмағанын, жеткізу шарттарын өзінің қылмыстық ниетін іске асыру мақсатында жасағанын, жымқырылған ақшалай қаражатты жеке мақсатта жұмсағанын дәлелдеді.
Сонымен қатар, сотталған адам осыған ұқсас алаяқтық фактілері үшін бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтегені анықталды.
Дәлелдемелердің бұлтартпас болуына байланысты сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Қылмыскер 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Елорда прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және күмәнді мәмілелерге бармауғы шақырады.