Қазақстан ресми түрде PIARC мүшесі деп жарияланды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов пен PIARC дүниежүзілік жол қауымдастығының президенті Назир Әли елімізде Дүниежүзілік жол қауымдастығының ұлттық комитетін құру жоспарлары туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараға Автомобиль жолдары және Көлік комитеттерінің, сондай-ақ «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Жол активтері ұлттық сапа орталығының өкілдері қатысты.
PIARC дүниежүзілік жол қауымдастығы – 1909 жылы Париж қаласында құрылған халықаралық ұйым. Ол жол шаруашылығы мен жүк көлігі тасымалдары саласындағы сарапшылардың арасында өзара тәжірибе алмасу үшін ең ірі алаң ретінде қызмет етеді. Аталған қауымдастыққа 140-тан астам елдің мемлекеттік органдары мен жол әкімшіліктері, ғылыми институттар, оқу орындары және жол құрылысы мен қызмет көрсетудің жеке компаниялары кіреді.
Кездесу барысында Дүниежүзілік жол қауымдастығының президенті Н.Алли елімізді ресми түрде PIARC мүшесі деп жариялады. Сондай-ақ қауымдастық Қазақстанмен құрылыста да, жобалау мен жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де тәжірибе алмасуға мүдделі екендерін жеткізді.
Біз үшін қазақстандық тәжірибе өте қызық. Ғылыми жұмыстармен, орасан жоспарларыңызбен таныстық және болашақта сіздермен жұмыс істеп, тәжірибе алмасқымыз келеді. Әсіресе қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында жолдарды жобалау технологиясы қызықтырады, - деді Назир Алли.
Өз кезегінде қазақстандық тарап автоматтандыру жобаларын іске асыруда өзара іс-әрекет жасауға дайын екендігін жеткізді. Вице-министр Алмаз Ыдырысов елімізде жол саласында енгізіліп жатқан жобалар мен халықаралық тәжірибені зерделеу туралы айтып берді.
Кездесуде шетелдік әріптестер жол инфрақұрылымымен, ғылыми әзірлемелермен ғана емес, халықаралық тасымалдаудың озық тәжірибесімен де бөлісті. Келешекте осы бағытта етене жұмыс істейміз деген ойдамыз. Тұтастай алғанда, Қазақстан әрдайым жаңа технологияларды зерттеп, енгізуге дайын. Мемлекет басшысының сапаны арттыру, жаңа технологияларды қолдану жөніндегі міндеттерін іске асыру үшін біз тұрақты негізде халықаралық тәжірибені пысықтап, қарастырып келеміз, - деді А.Ыдырысов.