Louis Vuitton киіз үй түрінде сөмке жасайтын қазақстандықтың жобасына қызығушылық танытты
Әлемге әйгілі бренд Louis Vuitton қазақстандық студенттің киіз үй түрінде сөмке жасау ұсынысына қызығушылық танытты, деп хабарлады Elorda.info ЕҰУ сілтеме жасап.
Магистрант Айнұр Полатова ұлттық ойындарды насихаттап, «Talapai» бірегей жобасын сәтті жүзеге асыруда. Биыл нәзік жан Парижде қазақ нақышы бар сөмкенің ерекше дизайнын таныстыруды жоспарлап отыр.
Ол былтыр «Talapai» стартап идесын құрып, ЕҰУ бизнес-инкубаторындағы байқауда ақшалай сыйлық ұтып алды. Айнұрдың жобасы ерекше ұлттық дизайнмен жасалған. «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» ойындары қазақтың ою өрнегі бар функционалды қоржын түрінде ұсынылған.
Үш ай бұрын басталған «Talapai» жобасы қазірдің өзінде өте танымал. ЕҰУ магистрантының айтуынша, ұлттық ойынды сатып алуға өтініштер тек қазақстандықтардан ғана емес, Түркия, АҚШ, Нидерланды тәрізді шет мемлекеттерден де келіп түскен.
Қазір шетелдік үстел ойындары өте көп. Мен біздің ұлттық ойындарымызды неге заманауи үлгіде дәріптемеске деп ойладым. Осылайша «Talapai» идеясы пайда болды. Әр ойын сөмке тәрізді ағаштан жасалған қорапта ұсынылған. Оны барлық жерде алып жүру ыңғайлы және өте жеңіл. Ең бастысы – ағаш сөмке функционалды, оны ашып, ойын ойнауға болады, - деп бөлісті қыз.
Осы жылдың сәуір айында Айнұр Louis Vuitton өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. Оның киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсынысын әлемдегі әйгілі брендтердің бірі қолдап, дизайнды талқылауға Парижге шақырды.
Жарнамадан Louis Vuitton біздің киіз үйге ұқсас дүкен ашқанын көріп қалдым. Бұл мені қызықтырды және мен оларға киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсыныс хат жаздым. Мен қазір ұлттық ойындарды дамыту үшін «Talapai» жобасын жүзеге асырып жатқанымды айттым, оның сыртқы қоржын түріндегі қорабы біздің ата-бабаларымыздың көшпелі үйіне ұқсайды. Мен бұл дизайнды өзім жасаймын және Louis Vuitton үшін негізгі идея оған негізделген. Екі аптадан кейін компания менің ұсынысыма қызығушылық білдіріп, өздерінің жауап хатында идеяны одан әрі талқылау үшін Парижге шақырды, - дейді магистрант қыз.
Айта кету керек, Айнұр Полатова кәсіби дизайн бойынша оқымаған. Биыл ол Германияда, Гете атындағы Франкфурт университетінде ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдайды.