00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тіл үйренем деген адамда мотивация болмаса, бәрі бекер – Владислав Тен

31 наурыз, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Тіл үйренем деген адамда мотивация болмаса, бәрі бекер – Владислав Тен
Коллаж: Elordainfo.kz

Айтыла-айтыла жауыр болса да, мемлекеттік тіл мәселесіне әредікте бір айналып соғып тұратын әдетіміз бар. Рас, соңғы уақытта әнебір жылдардағыдай еңірегенде етегімізді жасқа толтыратын құр байбалам көп естілмейтін болды. Бұдан, сірә, қазақтың өзі де жалықса керек. Алайда біз байқамағанмен, соңғы уақытта қазақ тілін үйренуге сұраныс уақыт өткен сайын артып келе жатқанын мойындау қажет. Бұл тенденция тек өзге ұлт өкілдерінің арасында ғана емес, өз қаракөздеріміздің тарапынан да құлшыныс барын аңғартады. Мұны, біз әңгімеге тартқан полиглот, Астанадағы тіл үйрену орталығының жетекшісі Владислав Тен де растап отыр. Elorda.info тілшісіне берген сұхбатында ол тіпті өзге ұлт өкілдерінің 3-6 айда қазақ тілін меңгеріп кете алатынын айтып, көңілімізді көтеріп қойды.

Демек, қоғамда қалыптасқан «қазақ тілі әлемдегі ең қиын тілдердің бірі» деген тұжырым миф болғаны ғой? Көкейге келіп қалған осы сауалға Владислав: «Айналдырған 3 айдың ішінде кез келген адамды бастапқы деңгейде қазақша сөйлетуге болады», - деп сенімді әрі кесімді жауап берді. Ендеше осы елде ондаған жыл бойы ғұмыр кешіп жатса да, әлі күнге бір ауыз қазақша тіл сындыра алмағандарды қайда қоямыз? «Бұған бір-ақ сөзбен сақ еткізіп жауап беру мүмкін емес», - дейді сұхбаттасымыз. Мәселенің тамырын тарқата түспесе, түбінен түсіну қиын екенін біз де бағамдай қойдық.

Владислав Тен – көрші Өзбекстан мемлекетінің тумасы. Мамандығы – дәрігер. Ташкенттегі медициналық институтты бітіріп, он жылдай терапевт, гастроэнтеролог, эндоскопист болып қызмет еткен.

Осыдан 10 жыл бұрын Астанаға отбасымен көшіп келген кезде қазақ тілінде ләм-мим сөйлемеген көрінеді. Бірақ өзінің әдепкі ыждағаттылығына салып, тіл меңгеруді бірден қолға алған. Өзгенің көмегіне жүгінбеген, өз бетімен тіл меңгеретін арнайы әдістемелік құрал жасап, соның игілігін көріпті.

Қазақ тілін үйренуді бастаған уақытта өзіме аудиоматериалдар арқылы жасанды тілдік орта жасап алдым. Себебі менің айналамда бұл тілде сөйлейтін жан баласы болған жоқ. Аудиоматериалдарды шамамен бір жылдай тыңдаған соң қазақша былдырлап тілім шыға бастады. Сондай-ақ тыңдаған сөздерді ауызбен айтуға дағдыландым. Тыңдаудан бөлек, түрлі жанрдағы кітаптарды да көп оқыдым, - дейді Владислав Тен.

Тіл үйренудегі нөмір бірінші қағида, міне, осындай екен. 

Тіл үйренушілерге ортақ бір кемшілік бар: олар грамматикамен тым әуес болып, ерінбей ереже жаттай береді. Сосын «үйрене алмадық» деп салы суға кететіні заңдылық. Кез келген тіл миға көзбен емес, құлақпен кіреді, - дейді кейіпкеріміз.

Кез келген тілді үйрену үшін тілдік орта қажет екенін алты жасар бала да білетіні даусыз. Ал тілдік орта болмаса ше?

Егер қазақтілді орта болмаса онда құлаққаппен радио немесе аудиоподкасттар тыңдап, тілдік ахуалды өзіңіз қалыптастырыңыз. Мен өзім білетін тілдерді осы жолдармен үйреніп алдым. Мамандығым дәрігер болған соң ми қызметінің жұмысын жақсы меңгергенмін. Мидың қандай жолмен тілді тиімді үйрене алатынын да білемін. Ең тиімді жол – үнемі есту, тыңдау. Есту қабілетін дамыту. Себебі жаңа тіл құлақпен кіріп, миға әсер етеді. Бастысы, әрдайым тыңдап жүруді әдетке айналдыру керек, - дейді В.Тен.

Тілдік орта жоқ деп ақталатындар шын ынта-ықыласы болса, «жасанды» орта жасап алуға қазіргі техниканың күші де, құдыреті де молынан жетіп тұр. Шүкір, тыңдаймын деген адамға интернетте қазақша аудио, видеоматериалдардан көз сүрінеді. Қазақтың айтатын «құйма құлағы» тіл үйренуге таптырмас қасиет екенін осындайда тағы бір түйсіне түсеміз.

Жә, мұны құп делік. Ал енді осының өзі тіл үйренуге жеткілікті болғаны ма? Жоқ, әрине. Ендігі мәселенің төркіні тіл үйрететін жарытымды әдістемелердің жоқтығында көрінеді. Ал тілді сапалы әрі тиімді үйрететін мұғалімдердің саны бар, сапасы жоқ. 

Тілдік курстарды айтпағанда, мектептердің өзінде мұғалімдер балаларға қазақ тілін жақсы түсіндірмейді. Менің 2 балам бар. Екеуі де орыстілді. Мұғалімдер түсіндіре алмағандықтан үлкен ұлыма тілді өзім үйретіп жүрмін. Ұстаздар тілді білмейді емес, керісінше, өте жақсы біледі. Алайда мәселе сол әдістемеде болып тұр, тілдің грамматикасын балаларға ұғынықты, дұрыс түсіндіре алмайды, - дейді Владислав.

Бұған тағы келіспеске лаж жоқ. Сұхбаттасымыздың айтуынша, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін шет тілі ретінде, екінші тіл ретінде үйрететін әдіс-тәсілдермен түсіндіру керек. Яғни, кез келген ұлттың өкіліне солар түсінетін тіл арқылы түсіндірудің тиімділігі мол. Ал қазіргі ұстаздардың кемшілігі – олар үйренушілерге қазақтілді оқушыларға арналған әдістемені қолданады. Міне, сол себепті тіл үйренушілер бірін түсініп, бірін түсінбейді.

Өзге ұлт азаматы ретінде мен қазақ тіліне сырттай қарай аламын. Тіпті тілдің ерекшелігін жақсы білемін десе де болады. Мәселен, орыстілділерге «сөйлеп отырмын», «айтып жатырмын», «жаңбыр жауып тұр» деген сөз тіркестерін ұғындыру оңай емес. Мен адамдарға қазақ тілін орыс не ағылшын тілдері арқылы түсіндіремін, - дейді В.Тен.

Тіл үйренудегі түйткілдің тағы бір сыры, әлбетте, талаптанушының құлшынысында.

Егер үйренем деген махаббат пен мотивация болса, қазақ тілі – өте оңай тіл. Қай тілді үйренсеңіз де, сол тілді жақсы көру қажет. Өз тәжірибемнен айтатын болсам, мен қазақ тілін корей, ағылшын, өзбек тілдерін меңгергенім секілді махаббатпен үйрендім. Көбірек сол тілде аудиоподкасттар тыңдау қажет. Кемінде 300-ге жуық ең көп қолданылатын сөзді білуі керек. Тіл үйренетіндердің тағы бір кемшілігі – олар сол тілде сериалдар мен жаңалықтар көрмейді. Тіпті қазақстандық әншілерді білмейді, олардың әндерін тыңдамайды. Әлбетте, бұдан соң қазақшасы да дамымайды, - дейді полиглот.

Полиглот демекші, кейіпкеріміз қоғамда оларды «дарынды, ерекше жаратылыс иелері» деп қабылдайтынын айтады. Ал шын мәнінде олар ешкімнен ақылды емес, бар болғаны көп уақыттарын тілді үйренуге арнайды. Өзгелерден айырмашылығы – тіл үйренуде тиімді жолдарды қолдануы екен.

Осы орайда біздің полиглот сұхбаттасымыз қазақ тілінен бөлек орыс, ағылшын, корей, өзбек тілдерін еркін меңгергенін атай кеткен жөн. Бірақ мұнымен тоқтайтын түрі көрінбейді. Қазірдің өзінде 30 тілдің грамматикасын тәп-тәуір біледі. Енді түрік тілін қолға алыпты, шамамен жарты жыл ішінде бұл тілді де оп-оңай меңгеріп алатынына сенімді.

Иә, сонымен, тіл үйренем деген ниет болса, жоғарыда айтылған ақыл-кеңестерге құлақ асып қойғанның артығы жоқ. Бұл және тек мемлекеттік тілге қатысты болмаса керек. Әлбетте, қазақ тілінің өрістемей тұрғанына әсер ететін факторлар мұнымен шектелмейді. Десе де, құштарлығы мен құлшынысы артып тұрса, тіл үйренуші сылтау іздемейді, мүмкіндік іздейді. Бұл енді біздің пәлсапа.

Сабина КӘКІМЖАН