Сарбаздар мектеп оқушыларымен онлайн режимде кездесті
Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған қызықты форматтағы кездесу Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының бастамасымен өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Елордалық 68665 әскери бөлімінің басшылығы алғаш рет жақын арада сарбаздардың орнын басатын жасөспірімдермен кездесу ұйымдастырды. Аталған шараға Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Самат Төлепбаев басшылық етті.
Бейнебайланысқа әскери қызметке дейін мерзімді қызметтегі сарбаздар оқыған Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының оқу орындары шықты.
Полковник Самат Төлепбаев армиядағы қызметтің әскерге шақырылған жастарға беретін артықшылықтары туралы айтып берді. Олардың ішіндегі Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз түсуі ең маңыздысы болды.
Биылғы жылы еліміздің жоғары оқу орындары жауынгерлік даярлықтың үздіктері мен өздерін жақсы жағынан көрсеткен әскери қызметшілер үшін үш мың квота бөліп отыр. Олар сондай-ақ ақысыз жоғары білім де ала алады. Тағы бір жеңілдік – мерзімді әскери қызмет өткеру уақытында несиені және шағын кредиттік ұйымдардағы қарызды төлеуді кейінге қалдыру.
Мерзімді қызметтегі әскерилер балаларға әскери қызметтің қыр-сырын, жауынгерлік достар, демалысты ұйымдастыру туралы, оларға әскери-есептік мамандықты игеруге қажетті білім мен дағдыларды беретін командир-тәлімгерлер жайлы әңгімелеп берді.
Оқушылар болса бейімделу кезеңінен өту, әскери және азаматтық оқу орындарына түсу, әскери атақ алу және белгілі бір әскер түріне қалай кіру туралы білгісі келіп, қызығушылық танытты. Балалар барлық сұрақтарға толық жауап алды.
Байланыстың бұл түрі көбірек сенім тудырады, жастарға армияны көруге және ол туралы өз пікірлерін қалыптастыруға көмектесетінін айта кеткен жөн.