«Арселор Миттал Теміртаудың» жылу электр орталығына жоспардан тыс тексеру жүргізілді
«Арселор Миттал Теміртау» АҚ-на қарасты ЖЭО-2-ге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлады Elorda.info.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментіне Теміртау қаласының әкімдігі осы жылыту маусымы басталғалы бері тіркелген «Арселор Миттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2 бойынша жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтамау жағдайларына байланысты жүгінген.
Осы факт бойынша 2022 жылғы 28 желтоқсаннан 2023 жылғы 9 қаңтарға дейін департамент электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 2023 жылғы 10 қаңтарда тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою, атап айтқанда, Теміртау қаласының тұтынушыларын сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін күл ұстайтын қондырғыларды жөндеу және бу қазандықтарының өнімділігін арттыру бойынша тиісті нұсқама берілді, - делінген хабарламада.