00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Самбодан Қазақстан чемпионаты аяқталды

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Самбодан Қазақстан чемпионаты аяқталды
ашық дереккөз

Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған ересектер арасындағы спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл жарысқа еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан 400-ден астам спортшы қатысты. Олар үш күн бойы «Арена» мәдени-спорт кешенінде, 23 салмақ дәрежесінде тартысты күресті.

Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Қабанбай батыр халықаралық қорының президенті Құсман Шалабаев және республикалық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының бас хатшысы Ерназар Бексұлтанов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ауқымды жарысқа ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де қатысты. Мәселен, 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Азат Қуанов ІІІ орынды, 58 келі салмақта 6655 әскери бөлімінен қатардағы жауынгер Салих Шәріп пен 71 келіге дейін салмақта 5518 әскери бөлімінің офицері Азамат Байғожин жүлделі ІІ орынды иеленді. 64 келіге дейінгі салмақта Қостанай облысының атынан өнер көрсеткен 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Мәлік Байсұлтанов алтын медаль жеңіп алып, ел чемпионы атанды.

2000 жылдан бастау алған бұл доданы биыл 22-ші рет өткізіп отырмыз. Дәстүрлі жарысқа күш құрылымдарының қызметкерлері, оның ішінде құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері үнемі қатысып, өз ведомстволарының намысын абыроймен қорғайды. Ел кубогының, Қазақстан Чемпионатының және жақында Ақтауда өткен самбодан Азия ашық кубогының жеңімпаздары да келесі жылы халықаралық жарыстарда ел намысын лайықты қорғайды деп үміттенеміз, - деді республикалық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының бас хатшысы Ерназар Бексұлтанов.

Ерлер арасындағы командалық есепте Абай облысының құрамасы жеңіске жетсе, әйелдер арасында Түркістан облысының қыздары ерекшеленді. Барлық жеңімпаздарға грамоталар мен медальдар табыс етілді. Осылайша, қазақстандық самбистер өткен жылдың қорытындысын шығарды.

Мен Кубокқа екі айға жуық дайындалдым. Он жасымнан бастап грек-рим күресімен айналысамын. Ал жауынгерлік самбомен шұғылданып жүргеніме екі жыл болды. Барлық қарсыластар тең дәрежеде болды, жеңіске деген ерекше ерік-жігері көрсетті деуге болады. Жеңісімді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арнадым,- дейді ұландық чемпион Мәлік Байсұлтанов.