«Ішкеннің пайдасы...» Қазақстандық бөтелкеден монша соқты (ВИДЕО)
Қызылордалық тұрғын моншаның қабырғаларын босаған шыны құтылармен қалаған, деп хабарлады Elorda.info.
Экспресс К жазуынша, бұл моншаны Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылының тұрғыны өз қолымен салған.
Ерекше моншаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан оның екі бөлмелі екені көрініп тұр. Моншаны таныстырған азамат бөтелкелердің ыстықты жақсы сақтайтынын айтады.
Мынау — Ақжар ауылындағы менің ағам салған монша. Бұл — өнер. Іші жап-жарық болады. Электр жарығының қажеті жоқ. Шыны деген жақсы қызып тұрады ғой, от жаққанда,- дейді жазба авторы.
Әлеуметтік желі қолданушылары шыны бөтелкеден жасалған мұндай моншаға таңданыстарын білдірді.
«Көп ішкеннің пайдасы осы шығар», «Қазақтардың да ойлап таппайтыны жоқ», «Керемет монша болыпты. Барып, мұнда жуынып көру керек енді», - деп жазды пікір білдірушілер.