«Әділдікті талап ет!»: Елде ауқымды науқан басталды
Оған Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады.
Науқан барысында автожол саласы мәселелері қозғалып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жемқорлық тәуекелдерін анықтауға баса назар аударылатын болады.
Мемлекет автожол саласына үлкен қаражат бөлетініне қарамастан, өкінішке қарай, ол үнемі қоғам тарапынан сынға ұшырауда. Сапасыз жолдардың салдарынан көптеген жол-көлік оқиғалары орын алды.
Биыл республика бойынша 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз. Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады. Бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, белсенділік танытуға шақырамыз, – дейді «Әділдік жолы» РҚБ-нің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы басшысы Д.Құлжамбеков.