«Айбоз» тұңғыш ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау басталды
«Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» номинациялары бойынша жеңімпаз атанғандар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алады. Конкурс нәтижесінен соң олардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл жобаның міндеті – әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.
Басты мақсатымыз – төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Қатысушылардың жасына, еңбек жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзекті болуға тиіс. Қысқа болғанымен елдің есінде қалып, жұртшылықтың аузынан түспейтіндей туынды жазса, бәйге соған бұйырады, – деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, байқауға отандық жазушылар қатыса алады. Өтінімдерді мына электронды мекенжайға 2022 жылғы 15 маусымнан 1 қазанға дейін жіберу қажет: aiboz@kitap-palatasy.kz
Әдеби сыйлық жыл соңында беріледі. Толығырақ kitap-palatasy.kz сайтынан білуге болады.