«Әкем жерленген жер бос жатыр»: Кәсіпкер марқұмның денесін қаздырып алып, басқа жерге қойғызған
Sputnik.kz-тің жазуынша, сотқа дейінгі тергеу кезінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полицейлері мәйітке эксгумация жүргізілген.
Тергеу барысында мәйіттің басқа жерге жерленгені анықталды. Былтыр қыркүйекте жерленген ер адамның мәйіті қабірден алты метр жердегі басқа қабірден табылды, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір Қылмыстық кодекстің 314-бабы («қайтыс болғандардың денесін және оларды жерлеу орындарын қорлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазаревтің айтуынша, әкесі 2021 жылдың 11 қыркүйегінде ата-анасының қабірінің жанына жерленген. Сол маңда жергілікті кәсіпкердің ұлының қабірі бар. Қабірге апаратын екі кең жол төселген. Алайда Игорь әкесін сол жерге жерлеу үшін жолдың біріндегі тас төсеуішті алып тастаған. Жерлеу рәсімінен кейін кәсіпкер Игорьға сес көрсете бастапты.
Оның айтуынша, кәсіпкер әкесін басқа жерге қайта жерлеуді талап еткен.
Ол ұлының жанына ешкім жерленбеуі керек екенін айтты, әйтпесе әкемнің мүрдесін «қазып алып, шетке лақтырып тастаймын» деді. 11 сәуірде зиратқа бардым, әкем жерленген жер бос жатыр. Шамамен алты метр жерде жаңадан қазылған мола бар екен. Төбесінде әкемнің аты жазылған, - дейді ол.
Осы орайда Игорь Лазарев құзыретті органдардан тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғауды сұрады.
Қазір тергеу барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынған.