Наурыз айында ауа райы қандай болады
Наурыз айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында және Атырау облысының қиыр солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп күтілуде. Жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, ал солтүстік-батыста нормадан көп болады, - делінген хабарламада.
Бірінші онкүндіктің басында батыс антициклоны мен Сібір антициклоны әсерінен елдің басым бөлігінде ауа температурасы қысқа мерзімге төмендейді.
Түнде температура:
батыста, солтүстік-батыста – -5-15°С дейін;
солтүстікте, орталықта және шығыста – -15-25°С дейін;
оңтүстік өңірлерде – -3-11°С дейін түседі.
Күндізгі температураның негізгі фоны:
солтүстік-батыста -3+2°С, солтүстік бөлігінде – -3-8°С, оңтүстік жартысында – +8+15°С, қиыр оңтүстікте +20°С.
Онкүндік ортасында солтүстік өңірлерде жаңбыр және қар жауып, кей күндері бұрқасын соғады. Оңтүстік облыстарда көбіне жаңбыр жауады, ал батыста, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қатты жауын-шашын болады. Желдің екпіні 15-25 м/с дейін күшейеді, оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады деп болжанып отыр. Тұман түсіп, көктайғақ болуы да мүмкін.
Осыдан кейін ауа температурасы қысқа мерзімге жоғарылайды:
солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде 0, -8°С дейін, күндіз 0,+5°С дейін;
оңтүстік бөлігінде түнде +2+10°С, күндіз +13+20°С дейін;
тек елдің батысында күндіз 0, -8°С дейін аздап төмендейді.
Онкүндік соңында батыс антициклонның ығысуымен жауын-шашын тоқтап, солтүстікте ауа температурасы түнде қайтадан -10-17°С дейін, күндіз 5-10°С дейін төмендейді. Ал оңтүстікте түнде 0,-8°С дейін, күндіз +3+8°С дейін түседі, - деді синоптиктер.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде көбінесе солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын (жаңбыр, қар) түсіп, жел күшейеді, елдің басым бөлігінде тұман, көктайғақ күтілуде.
Ауа температурасы:
батыс өңірлерде түнде -7-15°С-тан -2+3°С-қа дейін, күндіз +3+8°С-тан +16+21°С-қа дейін;
солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -12-23°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз -1-6°С-тан +11+16°С-қа дейін;
оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде -3-8°С-тан +5+10°С-қа дейін, күндіз -4+1°С-тан +18+23°С-қа дейін ауытқиды.