Полицейлер алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертті

21 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Полицейлер алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертті
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі шетелдегі қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Біздің мыңдаған азаматтарымыз шетелдерде оқуда немесе жұмыста. Олар өзара Telegram және WhatsApp-чаттарын құрып, ақпарат алмасып, бір-біріне көмектеседі. Мұны алаяқтар да пайдалануы мүмкін. Қаскөйлер осындай чаттарға қосылып, өздерін қазақстандық азамат ретінде таныстырып, әдеттегіден тиімді шарттармен валюта айырбастау қызметін ұсынады, - делінген хабарламада.

Бірақ ақшаны ауыстырғысы келетіндерді байланыстырмай, алаяқтар криптовалюта сатумен айналысатын адамдардың немесе дроптардың шоттарын жібереді. Түскен қаражатты алғаннан кейін олар хат-хабарларды өшіріп, чаттардан шығып кетеді.

Кореяда, Қытайда және АҚШ-та осылай алдау жағдайлары орын алды.

Азаматтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарды қабылдамауға шақырамыз, – деді ведомствода.