Астанада 6 мектеп жөндеуден өтеді – Ерлан Каналимов
Бұл туралы Астана қаласының мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Елордамыздың оң жағалауында орналасқан және жаңғырту бағдарламасына енгізілген орта мектептерінде көшпелі кеңестерімізді жалғастырдық. Жалпы, 19 мектеп қамтылған. Олардың басым бөлігіне күрделі жөндеу жүргізіледі, ал №2 және №3 мектептер техникалық сараптамадан өткеннен кейін бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынады. Оқу орындарын жаңғырту бағдарламасы 3 жылға жоспарланған», - деді төраға.
Биыл қалада алты мектеп жөндеуден өтеді.
«Осы жылы бағдарлама аясында 6 мектеп жөндеуден өтеді, қалғандары алдағы екі жыл ішінде жаңартылады. Көптеген ғимараттар өткен ғасырдың 60-жылдары салынған, олардың спорт залдары мен сыныптары ескіріп, жарамсыз күйге түскен. Кейбір мектептерге жөндеу қажет емес, алайда абаттандыру жұмыстары – қоршаулар орнату және спорт алаңдарын салу сияқты мәселелер бар. Бұл сұрақтарды алдағы уақытта елордалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында талқылаймыз», - деді Ерлан Каналимов.