00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Президент сұхбаты негізгі бағыттарды айқындап берді – мектеп директоры

Президент сұхбаты негізгі бағыттарды айқындап берді – мектеп директоры
Фото: Ернұр Омархановтың жеке мұрағатынан алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында білім саласы, жастар мәселесі, бала құқығын қорғау жайында өзекті мәселелер айтылды. Мұндай пікірді Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейдің директоры Ернұр Омарханов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары балалардың құқығын бұзушылық жағдайлары көптеп орын алды. Президент  балалардың қауіпсіздігі жайында заңның өткен жылы күшіне енгендігі туралы сұхбатында: «Әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданды. Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу көзделген. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді. Оған қоса, жас балаларды өлтірген немесе зорлаған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді.  Бұл заң өз кезегінде зорлық-зомбылық жасаудың алдын алатыны сөзсіз», - деді мектеп-лицей директоры.

Ернұр Омархановтың айтуынша, лудоманиямен күреске қатысты заңның күшіне енетіні, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленгені - бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі.

«Сұхбатта әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылғаны мемлекеттің әлеуметтік салаға ерекше қамқорлығы деп білеміз.  Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланғаны айтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешуге негізделген», - деді директор.

Президент  жастар мәселесі туралы да сөз қозғады.

«Мемлекет басшысының «Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні» деуі – жастарға артылған зор сенім. Қорыта айтқанда, Президенттің берген сұхбаты еліміздің уақыт талабына сай дамуына жол ашып, өзара сенімді одан әрі нығайта түсудің негізгі бағыттарын айқындап берді», - деп сөзін түйіндеді Ернұр Аханұлы.