Елордалық еріктілер қар тазалап, қарттардың батасын алып жүр
«Астана жастарынан» 30 ерікті акцияға қатысуда. Біз жалғыз тұратын ата-әжелерге, зейнеткерлерге қарды тазалауға көмектесеміз. Осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз, - деді жастар ресурстық орталығының маманы Дамир Айтымов.
Ерікті Жанель Жүністің айтуынша, студенттер үшін үлкен кісілердің батасын алып, қуанышын көрудің өзі бақыт.
Елорда тұрғыны Нұргүл Оспанова еріктілерге көмек қолын созғандары үшін алғыс білдірді.
Қазіргі жастардың тәлім-тәрбиелері өте жақсы. Ата-аналары «халқына, еліне қызмет ет» деп құлақтарына құйғандығы көрініп тұр. Жас балалар келіп менің ауламды қардан тазартып берді. Біздің ауданның әкімі менің бір ауыз сөзімді жерге тастамай, еріктілерді үйіме жіберді. Жастар қолдарына бір-бір күрек алып, жұмысқа кірісіп кетті. Ата-анасын құрметтейтін балалар болсын келешекте. Мен өте ризамын, -деді қала тұрғыны.
Сонымен қатар Нұргүл Оспанова Көктал -1,2 елді-мекенінде абаттандыру жұмыстарын жүргізгені үшін қалалық әкімдікке алғыс білдірді.
Сарыарқа ауданының әкімдігіне рақмет. Бала-шағамыз ойнайтын балалар алаңын орнатты. Есіктің алды жаздай көл болып жататын. Жол салып берді. Жылы аялдама қойды. Балаларымыз тоңбайтын болды. Автобус уақытылы жүреді. Біздің болашағымыз – жастар. Жастарға жағдай жасалса, біз сияқты ата-әжелердің мәртебесі көтеріліп, қуанады, - деді зейнеткер.
Айта кетсек, бүгін елордалық еріктілер үш мекен-жайға барды.