Педофилдерге электрондық білезік тағылады – министр
«Пробациялық бақылауды дамыту үшін электрондық білезіктер енгізілуде. Биыл біз бұл жұмысты ілкі жоба ретінде бастаймыз. Бірінші кезекте 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педофилдерге қатысты қолданылады», – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты іс-шаралар қабылданғанын айтты.
«Жемқорлықты жою үшін азаматтармен тікелей байланыс азайды. Көлік жүргізу куәлігін беру және емтихан қабылдау функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Тіркеу-емтихан орталықтары жойылды. Полиция қызметкерлері көлік құралдарының криминалдық тарихын ғана тексереді. Қазақстанда 30 тәулікке дейін болатын шетел азаматтарын тіркеу тоқтатылды. Электрондық визалар енгізілді. Тікелей халықаралық әуежайларға кіру визаларын беру ұйымдастырылды», – деді министр.
Ерлан Тұрғымбаев көші-қон саласындағы кейбір қызмет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне берілгенін атап өтті.
«Қала сыртындағы «Шеп» стационарлық бекеттерінің саны 36-дан 6-ға дейін қысқарды. Олар тек шекаралас аудандарда қалды. Жол қозғалысын қадағалау арнайы бақылау жүйелері арқылы байланыссыз әдіспен жүзеге асырылады. Барлық патрульдік қызметкерлер бейнетіркегішпен жабдықталған», – деді ол.