Елімізде жаңа әлеуметтік желі іске қосылды
"Кез келген адамда белгілі бір тақырып бойынша сұрақ болатыны сөзсіз. Осы орайда біз елімізде алғаш рет анонимді түрде кез келген тақырыпта сұрақ қойып, оған жауап алуға болатын әлеуметтік желі ойлап таптық. Getemotions әлеуметтік желісі арқылы анонимді түрде сауал жолдап, оған анонимді жауап алу мүмкіндігі бар. Аталған желінің артықшылығы сол кімнің қандай сұрақ қойып жатқанын және оған кімнің жауап беріп жатқанын ешкім білмейді. Яғни құпиялылық барынша сақталған. Әрине басқа әлеуметтік желілер секілді бізде де тыйым салынған тақырыптар бар. Демек келіп түскен сауалдар іріктеуден өтеді", – дейді GetEmotions жобасының негізін қалаушы Айтуған Омаров ОКҚ-де өткен баспасөз қызметінде.
Оның айтуынша, екіжақты байланыс 100 пайыз жасырын түрде өтеді.
"Егер сіздің сұрағыңызға дөрекі жауап берілсе немесе жауапқа риза болмасаңыз, кез келген сәтте аталған желіні бұғаттай аласыз. Бұғаттаған соң осыған дейінгі хабарламалар автоматты түрде жойылады. Қолданушылардан келіп түсіп жатқан тағы бір сұрақ, кімнің қандай сұрақ жолдап жатқанын кім бақылайды? Айтарым, жүйе автоматтандырылған, біздің мамандар, оның ішінде желіні әзірлеушілер де кімнің қандай сұрақ жолдап жатқанын біле алмайды. Біздің міндет тек келіп түскен сауалды қабылдау немесе одан бас тарту", - дейді ол.
Getemotions авторларының мәліметінше, аталған желі ел көлемінде 6 қазаннан бастап тестілеу режимінде іске қосылған.