Волонтерлер су тасқынынан зардап шеккендерге 2 мың тоннаға жуық көмек жинады
Волонтерлер Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Абай облыстарында зардап шекендерге көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Олар эвакуация пункттерінде зардап шеккендерге көмек көрсетіп, жағада бөгеттерді күшейтіп, гуманитарлық көмек жинау пункттерінде де белсенді жұмыс істеп жатыр.
Тасқын салдарымен күресіп, зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында «Күшіміз бірлікте» акциясы жалғасуда. Акцияны жастар ресурстық орталықтары, волонтерлер, саяси партиялар және республикалық жастар ұйымдарының өкілдері бірауыздан қолдады.
Атап айтсақ, жастар ресурстық орталықтарының қолдауымен гуманитарлық көмекті қабылдап алу үшін 20 волонтерлық фронт-кеңсе құрылды.
Бүгінгі таңда зардап шеккендерге волонтерлердің көмегімен 1 713 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Өңірлерге 1 320,4 тоннасы жеткізілді. Волонтерлер тұрғындарды қауіпсіз орынға көшіріп, эвакуациялауға атсалысып, гуманитарлық көмекті жинауға және сұрыптауға, ақпарат таратуға көмектесіп, автоволонтерлер де бірлесе маңызды жұмыс атқарып жатыр. Бүгінде тасқынға қарсы күреске барлығы 29 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған, - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратында.
Түркістан, Алматы облыстарына қарасты жастар ресурстық орталықтарының өкілдері Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында жүр. Қазіргі уақытта «Biz Birgemiz» қорының қолдауымен Атырау облысында волонтерлермен бірге «Қазақстан студенттер Альянсы», «Жастар рухы» ЖҚ, Қостанай облысында «Қазақстан жастар конгресі», Ақмола облысында «Ауыл» партиясының «Ауыл жастары» жастар қанаты жұмыс істеп жатыр.