Су тасқынынан зардап шеккен 3 мыңға жуық отбасы біржолғы төлем алды
Мемлекет су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлады Elorda.info.
Елімізде ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу процесі жалғасуда. Үкімет бұл жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізуде.
Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың басқа да бірқатар облыстарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштер береді. Бүгінгі таңда 16 343 өтініш қабылданған.
Биылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша, зардап шеккен өңірлерде 2 787 отбасы шамамен 2,4 млрд теңге сомасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Келтірілген материалдық шығын үшін өтемақы көлемі 565,7 млн теңгеге жетті. Бұл қолдау шарасы 1 377 отбасын қамтыды.
Бүгінгі таңда зардап шеккен өңірлерде 3 053 тұрғын үй тексеріліп, 1 807 нысан бойынша бағалау жүргізілді, - делінген хабарламада.
Қазірдің өзінде 206 отбасы 254 млн теңгеден астам сомаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге төлем алып үлгерді.
Келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің қатаң бақылауында. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша зардап шеккен барлық азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.