00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Су тасқыны: Зардап шеккен аймақтарға қандай көмек көрсетіліп жатыр

Су тасқыны: Зардап шеккен аймақтарға қандай көмек көрсетіліп жатыр
коллаж: Elorda.info

Еліміздің 12 облысында болған жаппай су тасқыны салдарынан үйлер су астында қалды. Бүгінде 12 мыңнан аса адам эвакуацияланып, уақытша орналастыру пункттеріне жеткізілді, деп хабарлады Elorda.info.

Табиғи апаттың зардабын тезірек қалпына келтіру үшін еліміздегі беделді қорлар мен қарапайым халық қаражат жинауды ұйымдастырып жатыр. Атап айтқанда:

«Қазақстан халқына» қоры су тасқыны салдарынан зардап шеккен бірқатар өңірде жалпы сомасы 5 млрд теңгеге үй құрылысына қолдау көрсететін болады. Қайырымдылық көмек көрсетудің негізгі талабы жергілікті атқарушы органдардың объективті тексеріс жүргізуі және тиісті сараптама ұйымдарының ауылдық тұрғын үйді жарамсыз деп тану фактісі болмақ. Қор растау құжаттарын қабылдағаннан кейін тиісті ішкі шешім бекіту рәсімдерін жүргізетін болады.

Болат Өтемұратов қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 680 млн теңге бөлді. Қор қазақстандықтарға табиғи апат салдары мен техногендік апат төтенше жағдай кездерінде жүйелі түрде көмектесіп тұрады. 2018 жылдан бастап  Қызыл Ай Қоғамы және ForteBank-пен бірлесіп су тасқыны кездерінде зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіп келеді.  

Kaspi.kz «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, зардап шеккендерге мобильді қосымша арқылы қаражат жинауды ұйымдастырды. Бірнеше күннің ішінде 55 мың қазақстандық 80 миллион теңгеге жуық ақша жинап үлгерді. Kaspi.kz өз тарапынан берілетін көмек көлемін 200 миллион теңгеге дейін ұлғайтты. 

Halyk Bank және «Халық» қоры су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млрд теңге бөлу туралы бірлескен шешім қабылдады.

Сонымен қатар қазақстандық өзге де екінші деңгейлі банктер су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға несие бойынша борышын өтеу мерзімін кейінге қалдыруға дайын. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, банктер су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған жеке және заңды тұлғаларға несие бойынша борыштарын өтеу мерзімін 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін кейінге қалдыруға дайын екенін растады. Тиісті тізімдерді әкімдіктер шығарады. Бұл тізімдерге кірген азаматтарға төлемді кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл салынбайды. Жақын арада банктер өз сайттарында және әлеуметтік желілерде кейінге қалдырылған борышты өтеу бойынша мерзімді ұзартуды ұсынудың нақты механизмдерін, сондай-ақ өтінімдерді беру алгоритмін және одан кейінгі әрекеттерді жариялайды.

Батыс Қазақстан облысында «АMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, партия белсенділері де су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр. Партияның облыстық филиалы қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударды. Игі істен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары да шет қалмады. Нәтижесінде, жарты күнде 5 миллион теңге қаражат жиналды.

Қостанайдағы Allur, Сарандағы QazTehna, Теміртаудағы Qarmet кәсіпорындары «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорына су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін 500 миллион теңге аударды.

«Самұрық-Қазына» қоры көктемгі тасқын судан ең көп зардап шеккен тұрғындар мен өңірлерге қолдау көрсетеді. Қаржылай көмек қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы бағытталады. Қазіргі кезде әкімдіктер жергілікті жерлерде қажетті көмек көлемін анықтап жатыр.

Су тасқынының қаупі сейілмеген бірқатар өңірде 20 мыңнан астам волонтер жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, 5 облыс әлі де су басу аймағында қалуда, әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялады.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Бұл жерлерге дереу ТЖМ күштері мен құралдары жұмылдырылды.