Шымкентте әйел қызын 1 бөтелке арақ үшін дәмханаға жұмысқа жеккен
Шымкентте жасы 23 келсе де, әлі күнге дейін әріп танымайтын, тіпті қолында ешбір құжаты жоқ бойжеткен тұрып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram парақшасында жазды.
Жас қыз ешқашан мектеп табалдырығын аттамаған. Тіпті өзінің атын да жаза алмайтын күйде. Журналист анасы ішімдікке салынып, әртүрлі ер азаматпен көңіл қосуды әдетке айналдырғанын жазған.
Анам бір ішсе, домалап құлап жатады, 2-3 айлап үй көрмейді. Сол кезде өгей әкелеріммен қаламын. Әсіресе, Исахан деген көкемен ұзақ тұрды. Басында жақсы аға сияқты болған, кейін мені ұратын, талай мәрте мазақ етті. Басымды жарды, үстелді үстіме лақтырды, далаға теуіп шығарды, - дейді бойжеткен.
Анасы бір кездері арақ үшін қызын жұмысқа жеккен екен.
Анасы қызын «Сәтті» деген дәмханаға беріп кеткен. Таңғы 5-тен түнгі 2-ге дейін жұмыс істепті, сол жақта қонады. «Ақысы шешеңе күніне 1 бутылка арақ» деген. Мұның бәрі бұрын емес, дәл бүгін көз алдымызда болып жатқан оқиғалар. Осыдан 4 жыл бұрын 19 жастағы қыз ақыры бір өлім деп әкесінің туыстары барын естіп, Шымкентке қашып келеді. Содан бері не өзгерді дейсіз бе, ештеңе», - деп жазды Гүлмира Әбіқай.