Полицейлер жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауға шақырады


Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің мас күйде көлік тізгіндеуі салдарынан болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар көлік басқарудың үлкен жауапкершілік екенін естен шығарып жатады. Ал мұндай әрекет адам өліміне немесе ауыр жарақаттарға әкелуі әбден мүмкін.
Атырау облысында жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты 466 әкімшілік хаттама жасақталды. Оның ішінде 25 дерек – жол-көлік оқиғасына қатысы бар.
Заңнамада көрсетілгендей, мас күйде көлік басқарған жүргізушіге жүргізуші куәлігінен айыру немесе әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылады. Ал егер бұл әрекет адам өліміне немесе жарақатқа себеп болса – іс Қылмыстық кодекс аясында қаралады.
«Осы ретте, құрметті жүргізушілер назарына! Көлік жүргізу кезінде заң талаптарын мүлтіксіз орындауға, ішімдік ішіп көлікке отырмауға және жолда барынша сақ болуға шақырамыз! Мас күйінде көлік жүргізу – бұл өз өміріңізге де, өзгенің өміріне де қауіп төндіру. Әрбір жүргізуші мұндай әрекеттің арты қайғы мен өкінішке апаратынын терең ұғынуы қажет. Қоғамдық тәртіп пен жолдағы қауіпсіздік – баршаға ортақ жауапкершілік», - дейді полицейлер.



