Павлодарлық шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсірген

27 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодарлық шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсірген
Фото: Оңалхан Өнерхан

Павлодар прокуратурасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу барысындағы заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Прокуратура қызметкерлері талдау жүргізу барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағаларының минималды рұқсат етілген шекті деңгейлерінің көтерілу деректерін анықтады.

«Өңірлік кәсіпкерлік басқармасы бағаларды есептеу кезінде кемшіліктерге жол берген. Оның салдары шекті деңгейлердің едәуір өсуіне алып әкелгені белгілі болды. Бұл жағдай кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар тауарларды олардың нақты құнынан едәуір жоғары бағамен сатуға мүмкіндік берген. Аталған жайт халық үшін азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігіне теріс әсер етті», - деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.

Мәселен, бірінші сұрыпты ұнның шекті бағасы 248 теңге деп белгіленген. Ал аталған өнім әдеттегі дүкендерде 152 теңгеден сатылған. Бұған қоса сиыр етінің килограмы 3196 теңге көрсетілген. Алайда Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл уақытта Павлодар облысындағы сиыр етінің бағасы 2479 теңгені құраған.

Прокуратура енгізген қадағалау акті биылғы екінші тоқсандағы шекті бағаларды төмендетуді қайта қарауға негіз болған.

Ал кемшілікке жол берген жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.