00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Қоғамға керекпіз деп жүрміз»: Әлеуметтік қызметкер өз жұмысының маңызы туралы айтты

15 тамыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Қоғамға керекпіз деп жүрміз»: Әлеуметтік қызметкер өз жұмысының маңызы туралы айтты

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы көп жағдайда бағаланбайды. Тіпті олардың қызметтерін көбі түсіне бермейді. Осы орайда оқырмандар назарына әлеуметтік қызметкер Элеонора Бажиканова туралы сұхбат ұсынамыз.

Елімізде психоневрологиялық патологиясы бар немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға үйдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша жұмыс жасайтын мамандар бар. Оларды әлеуметтік қызметкер деп атап, қызметін 8 түрлі бағытқа, яғни тұрмыстық, медициналық,психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық деп бөлінеді.  Қызметкер қызмет алушыға жоспар бойынша жүйелі түрде барып, әр барған сайын кемінде 3 арнайы әлеуметтік қызметті көрсетеді. 

Мен 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім жасап келемін. Маман ретінде тірек-қимылы бұзылған баланың үйіне барғанда оның тік, дұрыс отыруына көмектесемін. Одан бөлек жуыну, тамақ ішу, төсек орын жинау сияқты әрекеттерге баулимыз. Арасында ата-анаға баласына емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасауға көмектесеміз Бұндай балалардың ата-анасы стресске бейім, кейде оларға да психологиялық көмек пен мотивация беріп, жігерлендіріп отыру керек. Ата-аналар бізге ішіндегі сырын, уайымын айтуы мүмкін. Әлеуметтік қызметкер сол естіген дүниені ешкімге айтпауға тиісті. Мемлекеттік жәрдемақы мен ақша мәселелерін шешуде көмек көрсетуге тырысамыз,- деді Элеонора Бажиканова.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету уақыты баланың диагнозы мен денсаулық жағдайына байланысты 45 минуттан 1 сағат 30 минутқа дейінгі уақытты қамтиды. 

Үй жағдайындағы көмектен бөлек, әлеуметтік қызмет көрсету орталығында баламен басқа мамандар жұмыс істейді. Аптасына 2-3 рет арттерапия, глинотерапия, иппотерапия және гидротерапия жүргізіліп отырады. Баланы қоғамға бейімдеу мақсатында мейлінше үйден шығарып, түрлі жұмыстар жасаймыз. Би, вокал үйірмелері де бар. Бала өзін толыққанды сезінуі үшін жағдай жасауға тырысамыз. Орталықта әлеуметтік қызметкерлерден бөлек дефектолог, психолог, логопед мамандар жұмыс атқарады, - дейді Элеонора Бажиканова.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушы оңалту шараларын өту алдында топтық бағаланудан өтуі керек. Сондай-ақ иппотерапия мен гидротерапияға қатысу үшін заңды қамқоршы арнайы мамандардан медициналық анықтама көрсетуге міндетті болып табылады.

Әлеуметтік қызметкерлер арнайы «әлеуметтік жұмыс» деп аталатын білім бағдарламасы бойынша оқытылады. Одан бөлек педагогикалық, психологиялық білімі бар адамдардың әлеуметтік қызметкер ретінде жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар.

 Бізге еңсесі түскен, үміттен күдерін үзген, жүйкесі жұқарған ата-аналар келіп жатады. Оларға бірден жылы шырай танытып, көңілдерін жібітіп өзімізге жақын тартуымыз керек. Негізі жұмысымыз көп бағалана бермейді. Бірақ біз қоғамға керекпіз деп жүрміз. Біз істемесек бұл жұмысты кім істейді? Көп жұмыстардың маңызы көзге көрінбей жатады. Бірақ жұрт менсінбейтін көше тазалаушылар, қоқыс шығарушылар болмағанда біздің өміріміз әлдеқайда қиын болар еді. Сондықтан  жұмысымыз бағаланбаса да, біз қоғамға керек маманбыз деп аянбай жұмыс істеп жүрміз, - деп мамандығының маңызын алға тартты әлеуметтік қызметкер.

Мөлдір Мандыбекқызы