«Наурыз» бағдарламасына қатысуға қанша адам өтінім бергені белгілі болды
17 мыңнан астам адам «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана алуға ниет білдірген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлады Elorda.info.
«10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы – 3955 өтінім тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдерінен түскен. Бұл көпбалалы отбасылар, жетім балалар, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар. Гендерлік бөліністе қарайтын болсақ, өтінімдердің 57%-ын әйелдер жолдаған. Барлық өтініш берушілердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас үміткер – Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны», - деді спикер.
Естеріңізге саламыз, «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер 25 сәуірден бастап қабылданып жатыр. Өтінімдерді жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін жолдау керек.