Мәжіліс депутаттары Атбасар ауданының эвакуацияланған тұрғындарымен кездесті
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Айна Мысырәлімова, Мәжіліс депутаттары Гаухар Танашева мен Дәулет Мұқаев су тасқынына тап болған Ақмола облысы Атбасар қаласына барды, деп хабарлады Elorda.info.
Өңірдегі Жабай өзенінің деңгейі шамамен 15 сантиметрге төмендеді. Десе де жағалау аумағы әлі де су астында қалып отыр.
Табиғи апат салдарынан 100-ге жуық үйді су басты. Өңірде қауіп сейілген жоқ. Елді мекендегі екі мектеп пен екі жүзге жуық үй су астында қалуы мүмкін деген болжам бар.
Өз кезегінде депутаттар қауіпсіз жерге орналастырылған тұрғындармен кездесті. Бүгінде 123 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 11 зейнеткер және 29 бала бар. Олардың басым бөлігі туыстарын паналағанды жөн көрді.
Ауданда су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Табиғи апатпен күреске 130-дан астам адам, 38 техника және 10 мотопомпа жұмылдырылды. Қауіпті аумақтарға 2 мың қап инертті материал төселді.