00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мәулен Әшімбаев: Зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі

Мәулен Әшімбаев: Зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі
фото: senate.parlam.kz

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізіп, су тасқынының салдарынан өңірлерде қалыптасқан жағдайға байланысты сенаторлардың алдында тұрған негізгі міндеттерді белгілеп берді, деп хабарлады Elorda.info.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жағдайдың күрделі екеніне назар аударып, әріптестерін проблеманы шешуге ықпал ету және алдағы уақытта мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін күш жұмылдыруға шақырды. Сондай-ақ ол бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін айтты.

«Еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қарғын су елді мекендерді басып, жолдар мен көпірлерді шайып кетіп жатыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайға қарсы тұру және оның зардаптарын жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Президентіміз басты міндет адам шығынына жол бермеу екенін баса айтты. Мұндай қиын жағдайда мемлекет азаматтарды жалғыз қалдырмай, қолдау көрсететіні анық. Барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Палата Спикері өңірдегі тұрғындарға қолдау көрсету үшін Сенат пен мәслихаттардың үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.

«Қазірдің өзінде бірқатар сенаторлар өңірлерге барып, жергілікті жерлерде атқарушы органдарға қолғабыс көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта біз осы бағыттағы кешенді жұмысты күшейтіп, мәслихат депутаттарымен бірге жергілікті жерлердегі проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.