Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасы қаралды

Бүгін, 17:13
Айман Нығмет Айман Нығмет
Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасы қаралды
фото: parlam.kz

Бүгін Мәжіліс отырысында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Екатерина Смышляева жаңа заң жобасы осы саланы құқықтық реттеуге  мүмкіндік беретінін айтты. 

«Президент елімізде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Жасанды интеллекттің дамуы үлкен мүмкіндіктермен де, елеулі тәуекелдермен де жүреді. Осы салада құқықтық реттеудің болмауы – басты мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл заң жобасы бірнеше міндеттерді шеше отырып, осы олқылықты жабады . Біріншіден, заң жобасы жасанды интеллект технологиясын пайдалану процесінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, жаңа технологияны пайдалану кезінде барлық процестердің ашықтығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру өте маңызды»,- деді ол. 

Заң осы саладағы әзірлеушілер мен инвесторлар үшін түсінікті және ашық «ойын ережелерін» жасайды. Бұл құқықтық сенімділікті қамтамасыз етіп, инвестицияларды тартуға ықпал етпек. 

«Заң жобасы экономикада жасанды интеллектті енгізу кезінде мемлекеттің рөлін айқындайды. Сондай-ақ, біз жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қағидаттарын белгілейміз. Заң жобасының маңызды бөлігі – ұлттық жасанды интеллект платформасы. Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Аспаптық ортадан басқа, платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырады және қамтамасыз етеді»,- деді Екатерина Смышляева.

Заң жобасы авторының сөзінше, заң жобасы аясынжа  салаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Олар өз құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады.

«Пайдаланушылар дербес деректерді қорғауға, жасанды интеллект жүйелерінің жұмысы туралы хабардар етуге және автоматтандырылған шешімдерге дау айту мүмкіндігіне ие болады. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Енді жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктеледі. Жоғары тәуекел жүйелері аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісіне жатқызылатын болады. Бұл олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етеді»,- деді ол. 

Аталған заң жобасы жасанды интеллект жүйелерін көмекшілерге, жартылай автономды жүйелерге және толық автономды алгоритмдерге бөледі. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағында кейбір жүйелерді қолдануға тыйым салынбақ.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, жоба аясында жасанды интеллектті пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым саланатынын айтты. 

«Мысалы, адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектті қолдануға; адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектті пайдалануға, адамдарды әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг); адамдардың эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектті пайдалануға, заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектті қолдануға, заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға тыйым салынады»,- деп түсіндірді Екатерина Смышляева.

Осы және басқа да ұсыныстар жаңа технологиялық қоғам жағдайында адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына сай келеді.