«Ұлттық қор – балаларға»: Қазақстандықтарға 8 млн доллар аударылды

7 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Ұлттық қор – балаларға»: Қазақстандықтарға 8 млн доллар аударылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

«БЖЗҚ» АҚ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушыларына 8 млн аса АҚШ долларын аударды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылған 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап «БЖЗҚ» АҚ 8 млн аса АҚШ долларына 75 329 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды).

Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 4,65 млн астам АҚШ долларына 43 781 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 3,35 млн АҚШ долларына 31 548 өтініш орындалды», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (4,53 млн аса АҚШ долларына 42 622 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 37,44 мыңнан аса АҚШ долларына 362 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 32,81 мыңнан аса АҚШ долларына 325 өтініш. 

Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (2,88 млн аса АҚШ долларына 27 020 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (354,24 мыңнан аса АҚШ долларына 3 421 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (99,78 мыңнан аса АҚШ долларына 971 өтініш орындалды).

Нысаналы жинақтар төлемін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану бойынша уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.