Қарағандыда бір жасар бала көкжөтелден көз жұмды
Қарағанды дәрігерлері бір жастан асқан баланың көкжөтелден қайтыс болуына қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша ата-анасы баланы жөтелі асқынғанда ғана ауруханаға әкелген, деп хабарлады Elorda.info КТК арнасына сілтеме жасап.
Дәрігерлер 1 жас 9 айлық бала ауыр халде жеткізілгенін айтады. Тіпті оны компьютерлік томографияға түсіру де мүмкін болмаған. Баланы бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосыпты. Дәрігерлер оның ата-анасы вакцинацияға қарсы болғанын айтты. Оның үстіне небәрі 990 грамм салмақта дүниеге келген нәресте ана сүтін ембеген.
Өңірде көкжөтелге қатысты жағдай тұрақты дейді мамандар. Бірақ жаппай вакцинациядан өту маңызды. Көкжөтелге шалдыққан бір адам оны 15 адамға оңай жұқтырады. Ал жөтел 100 күнге дейін созылуы мүмкін. Бірінші белгілерін байқай сала, міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.
«Балада ауыр дәрежедегі көжөтел верификацияланды. Екіжақты толық пневмония анықталды. Ауыр дәрежеде түсті. Өкпенің ісінуі, мидың ісінуі, септикалық шок және сепсис болды. Үйде ұзақ емделген, бейінді стационарға 27-ші тәулікте ғана әкелген, яғни медициналық көмекке кеш жүгінуіне байланысты бала қайтыс болды», - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.