Ішкі істер министрлігі ата-аналарға маңызды үндеу жасады
2024 жылы полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 61 кәмелетке толмаған, ал жыл басынан бері алты жасөспірімді ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері Астанада елордалық жоғары оқу орнының 16 жастағы екі студентін ұстады. Олардың біреуінен аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді.
Бұған қоса, Қарағанды облысында екі жасөспірім ұсталды. Олар 9-10-сынып оқушылары. Жасөспірімдер есірткі тарататын Telegram-арнаға сілтемесі бар жапсырмаларды жапсырумен айналысқан.
Аталған фактілер үшін қылмыстық жаза көзделеді.
Полиция қызметкерлері еліміздің барлық оқу орындарында құқықтық түсіндірме жұмысын жүргізеді. Соған қарамастан, мұндай фактілер әлі де кездесіп жатыр.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңызбен есірткінің зияны туралы сөйлесіп, заңсыз әрекет үшін жауапкершілік барын түсіндіріңіздер. Олар заңсыз әрекетке тартылса, сіздерге айтуға қорықпауы керек. Балалардың араласу ортасын, олар пайдалатын интернет-ресурстарды қадағалаңыздар. Заттарының арасында медициналық препараттар, фольга, шыны түтікшелер кездессе, назардан тыс қалдырмаңыздар. Олар есірткі қолдануға арналған болуы мүмкін. Есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске саламыз, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.