Еліміздегі орташа зейнетақы мөлшері белгілі болды


Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 694,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 224,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 470,2 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 2 млн 455 мың зейнеткер бар.
«1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 800 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 96 117 теңге, базалық зейнетақы – 47 683 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылды», - делінген министрлік ақпаратында.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-ынан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.
Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.



