Елімізде қысқамерзімді курс сертификаттары дипломмен бірдей күшке ие болады

Бүгін, 12:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views70
Елімізде қысқамерзімді курс сертификаттары дипломмен бірдей күшке ие болады
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Кәсіби біліктіліктер жөніндегі ұлттық кеңес сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, жаңа Ұлттық біліктілік шеңберін (бұдан әрі – ҰБШ) бекітті. Енді бұл құжат тек ресми білім беруді ғана емес, бейресми және ақпараттық оқыту нәтижелері мен танылған біліктіліктерді де қамтиды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

ҰБШ – еңбек нарығының барлық қатысушыларына арналған: мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге, салалық қауымдастықтарға, кәсіподақтарға, білім беру ұйымдары мен азаматтардың өздеріне.

ҰБШ – біліктілік салалық шеңберлері мен кәсіби стандарттарын әзірлеуге арналған негізгі құрал. Ол біліктіліктерді тану жүйесін реттеуге мүмкіндік беріп, кәсіби әрі мансаптық өсудің алғышарттарын жасайды.

Бұрынғы нұсқа көбіне ресми білім беру деңгейлеріне сүйеніп, оқытудың басқа түрлерін ескермеген еді. Жаңа редакция Еуропалық біліктілік шеңберінің қағидаттарына және қазіргі экономиканың талаптарына негізделген.

«Жаңартылған ҰБШ Қазақстанның еңбек және білім беру заңнамасына сәйкес әзірленіп, халықаралық тәжірибелер ескерілді. Ол ашықтық пен салыстырмалылық қағидаттарына негізделген, бұл әртүрлі салада алынған құзыреттерді мойындауды қамтамасыз етіп, жұмыскерлердің мобильдігін жеңілдетеді. Жаңа ҰБШ икемді біліктілік жүйесін қалыптастырып, «өмір бойы білім алу» қағидатын қолдайды және экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.

Жаңа редакцияда еңбек функцияларының күрделілігі, жауапкершілік деңгейі және ғылымға негізделу дәрежесіне қарай жүйеленген сегіз деңгей қарастырылған. Бұл жұмыскердің біліктілігін объективті бағалауға және оны алудың әртүрлі жолдарын ескеруге мүмкіндік береді.

Осылайша, құзыреттердің ресми дәлелі ретінде енді тек диплом мен жұмыс өтілі ғана емес, қысқамерзімді курстарды аяқтау туралы сертификаттар мен Career Enbek порталындағы біліктілікті растау да мойындалады.