Елімізде әлеуметтік төлемдерді  көбейтіп алғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Елімізде әлеуметтік төлемдерді  көбейтіп алғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді қолдан көбейтіп алғандарға қатысты қылмыстық істер тергелуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеу қойылмаған. Ол – босану және бала тууға арналған төлемдер. Министр кейбір азаматтардың төлемдерді жасанды түрде көбейту жолдарын тауып жатқанын алға тартты.

«Қазіргі уақытта 113 алушыға қатысты 16-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмыстардың нәтижесінде мемлекетке 158 миллион теңге залал келтірілді. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап 1500 алушы өз табыстарын жасанды түрде көтергенін ерікті түрде мойындады. Осылайша, әлеуметтік сақтандыру қорының активтері 3,4 миллиард теңгеге сақталды», - деп атап өтті Светлана Жақыпова.

2024 жылы әлеуметтік сақтандыру қоры 950 миллиард теңгеден астам соманы 1,4 миллион қазақстандыққа төледі.

«15 облыста жүйеге қатысушыларға төленген төлемдердің көлемі әлеуметтік аударымдардан түскен қаражаттан асып кеткен. Түркістан облысында – 3,6 есе, Жамбыл облысында – 2,7 есе, Шымкентте, Қызылорда, Алматы облыстарында – 2,5 есе, Маңғыстау облысы мен Абай облысында – 2 есе артық», - деп толықтырды С.Жақыпова.