Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры Әйгерім Кудеринова елімізде инклюзивті білім берудің дамуы туралы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру жүйесін жақсарту бойынша көптеген мәселелер шешілген. Атап айтқанда, соңғы жылдары нормативтік-құқықтық актілерге бірталай өзгерістер енгізілді. Біріншіден, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді.
Ол дегеніміз не? Бұрын осы санатқа тек білім алу барысында денсаулығына байланысты қиындықтар көретін мүмкіндігі шектеулі балалар ғана жататын. Ал бүгінгі таңда бұл санатқа басқа да – әлеуметтік болсын, экономикалық тұрғыдағы қиындықтары туындаған кезде, сондай балалар ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санатына жатады, - деді Ә. Кудеринова.
Осыған орай білім саласында көптеген іс-шаралар қабылдануда. Екі жылдан астам уақыттан бері оқушыларға көмек көрсету бойынша жазғы мектеп ұйымдастырылып келеді. Дарынды балалармен де көп жұмыс атқарылуда.
Орталық директорының айтуынша, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ішінде ең көп қиындық туғызатыны – мүмкіндігі шектеулі балалар. Мұндай балалардың саны бүгінгі таңда елімізде 188 мыңнан асады.
Мұндай балаларды анықтап, оқыту үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар жұмыс істейді. Сонымен бірге осы балаларды қолдау үшін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жүргізетін арнайы мекемелер бар. Атап айтқанда, мемлекетімізде 208 түзету кабинеті, 13 оңалту орталығы, сонымен қатар 42 арнайы балабақша мен 99 арнайы мектеп жұмыс істейді, - деді Арнайы білім беруді дамыту орталығының басшысы.
4 мыңнан аса жалпы білім беретін мектептің ішінде 40 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін бала оқиды. Бұл саланы жақсарту үшін «Білім туралы» заңда бірінші басшылардың міндеттері кеңейтіліп, жауапкершіліктері арттырылған. Бірінші басшылар олардың білім алуы үшін арнайы жағдайларды жасауы керек. Екіншіден, балаларды қабылдау кезінде ережені бұзбауы тиіс. Балаларды оқыту барысында мектептерге, балабақшаларға типтік оқу бағдарламаларын баланың дамуына қарай бейімдеуге, жеке бағдарламаны құруға мүмкіндік берілген.
Сонымен қатар балаларды ерте жастан анықтап, оларға көмек көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс енгізілетін болады. Осы да керемет жағдай, өйткені бүгінгі таңда түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарына үлкен сұраныс бар, - деп нақтылады Ә. Кудеринова.