Елімізде қарттар мен балалардың үлесі 42 пайыздан асты
2023 жылдың басында халықтың жалпы санындағы балалардың үлесі 31,2 пайызды құрады, деп хабарлады Elorda.info Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшылар мәліметінше, Қазақстанда қарттар мен балалардың үлесі 42 пайыздан асты. Бұған соңғы жылдардағы беби-бум мен халықтың қартаюы әсер етті.
Соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстанда демографиялық жүктеме айтарлықтай артқаны байқалады. Елімізде жұмысқа қабілетті әрбір 1 мың азаматқа шаққанда 740 қарт пен баладан келеді. Егер, 2018 жылдан бергі демографиялық жүктеменің басты индикаторының эволюциясын қадағаласақ, көрсеткіштің жыл сайын тұрақты өсіп келе жатқанын байқау қиын емес. Бес жыл бұрын коэффициент 687 деңгейде, яғни осы жылға қарағанда 53-ке төмен болатын.
Бұл – халықтың үлкен жас топтары негізінде ұсынылған есептік деректер. Шын мәнінде, елдегі «экономикалық асыраудағы адам» әр мың адамға шаққанда 740-тан көп болуы ықтимал. Қолданыстағы әдістеме бойынша 16 жастан асқан балалар қазірдің өзінде еңбекке қабілетті тұрғын санатына кіреді. Дегенмен, бұл жаста өзін-өзі қамтамасыз ете алатын балалардың саны тым аз екені белгілі. Сонымен қатар егер зейнеткерлік жасқа жеткеніне қарамастан жұмысын жалғастыратын қарттардың бір бөлігі ескерілер болса, бұл цифр басқаша өрбір еді.
Көрсеткіштің өсуіне негізгі үлесті «балалар» демографиялық жүктемесінің коэффициенті қосады. 2023 жылдың басында елдегі әрбір мың ересек адамға 542 баладан келді. Ал 2018 жылдың қаңтарында олардың саны небәрі 496 болған еді. Соңғы бес жылда 15 жасқа дейінгі балалар саны 5,1 миллионнан 6,2 миллионға дейін өсті. Бұған 2020-2021 жылдардағы беби-бум ішінара әсерін тигізген болатын.
2023 жылдың басына қарай халықтың жалпы санындағы балалардың үлесі 31,2 пайызды құрап, соңғы 5 жылдың ішінде 3 пайыздық тармаққа артты. Балаларды әлеуметтік қолдауға арналған бюджет шығындарының (қарттарға қарағанда) едәуір жоғары болуына қарамастан және асырау жүктемесінің негізгі бөлігін балалар құрап отырғанын демографтар болашақта экономика үшін қолайлы фактор деп атайды. Шынында да, алдағы 10-15 жыл ішінде бұл балалардың көпшілігі еңбекке қабілетті жасқа толып, жұмыс күшінің қатарын толықтыратын болады.
Осы жылдың басында елдегі егде жастағы халықтың үлес салмағы 11,4 пайызды немесе 2,2 млн адамды құрады. 2018 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 7,3 пайыз болған-ды. Мұнда әдістемелік ескерту жасау да маңызды. 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының бюллетеньдерінде халықаралық стандарттар бойынша жас топтары былай көрсетілді: балалар — 14 жасқа дейін, еңбекке қабілетті халық — 15 жастан 64 жасқа дейін, қарттар — 65 жастан асқан. Ал 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жедел ақпаратта Қазақстандағы халықтың жасы бойынша саны зейнеткерлікке шығу жасын ескере отырып көрсетілген: ерлер үшін — 63 жас, әйелдер үшін — 61 жас. Бала тұрғындардың саны 15 жасты қоса алып есептеледі.
Өңірлік тұрғыда демографиялық коэффициенттер жалпы республикалық деңгейден айтарлықтай ерекшеленеді. Ең жоғары жүктеме республиканың оңтүстік және батыс аймақтарында байқалды. Антилидер - Түркістан облысы. Онда мың ересек адамға 886 бала мен қарт адамнан келеді. Қызылорда (819 бала мен қарт адамнан), Жамбыл (815) және Маңғыстау (845) облыстарының, сондай-ақ Шымкент (811) қаласының көрсеткіштері 800-ден асты.
Мегаполистерде балалар мен қарттардың айтарлықтай аз үлесі тіркеліп отыр: Астанада индикатор – 625, Алматыда — 642. Бұл ішкі көші-қон процестеріне байланысты болуы мүмкін: ірі қалаларда аймақтардан ересек еңбекке қабілетті халықтың ағыны байқалады. Демографиялық жүктемесі төмен облыстардың қатарына тиісінше 672 және 651 көрсеткіштері бар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары кіреді.
Сонымен қатар, Қазақстанның солтүстігі елдің ең тез қартайып келе жатқан аймағына жатады. Мұны Биллетера индексі (Биллетера индексі – халықтың жас құрамын көрсететін демографилық индекс. Оны 1954 жылы швейцариялық демограф Эрнст Биллетера ұсынған) растайды. Аталған демографиялық көрсеткіш плюс болған кезде, 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 50 жастан асқан адамдардың жалпы үлесінен жоғары екенін көрсетеді. Егер мәні теріс болса, демек өңірде егде жастағы қазақстандықтардың балаларға қарағанда көп екендігін білдіреді.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының есептеулеріне сүйенсек, 2021 жылы Биллетераның ең жоғары теріс индексі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды: тиісінше минус 22,2 және минус 27,7. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыстары балаларға қарағанда егде жастағы адамдар көп болатын өңірлерге кіреді.
Өткен жылдың соңында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірі) сарапшылары ұзақ мерзімді демографиялық болжам жасады. Аталған құжатта Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары 2050 жылға дейінгі халық санының өсуінің үш ықтимал сценарийін есептеп шығарды: базалық, оптимистік және пессимистік. Дамудың барлық үш сценарийі бойынша да Қазақстандағы демографиялық жүктеме жоғары деңгейде қалатын болады.
Туу мен өлім-жітім деңгейі өсуінің қазіргі тенденциялары кезінде, яғни базалық сценарий бойынша демографиялық жүктеменің жалпы коэффициенті алдымен төмендейді: 2025 жылға қарай — 712-ге дейін, 2035 жылға қарай — 681-ге дейін. Одан кейін 2050 жылға қарай жүктеменің мың еңбекке қабілетті адамға шаққанда 773-ке дейін өсуін күтуге болады.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың 1 сәуіріндегі дерегіне сәйкес, Қазақстан халқының саны 19 832 737 адамды құрайды. Оның ішінде қалалық – 12 259 453; ауылдық – 7 573 284 адам. Ерлер – 9 681 672 адам; әйелдер – 10 151 065 адам. Қала халқының ең көп үлесі Қарағанды ( 81,3 пайыз), Ұлытау ( 79,1% ) және Ақтөбе (74,6%), ал ең аз үлесі - Алматы (16,2%), Түркістан (24,5%) және Жамбыл (43,3%) облыстарында байқалды.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың қаңтар-ақпанында елімізде 61 886 бала дүниеге келіп, дәл осы аралықта 21 814 адам қайтыс болды. Сондай-ақ, осы жылыдң бастапқы үш айында республикаға 5 198 адам келіп, 1 844 адам шетелге кетті.