00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада дағдарыс орталығындағы әйелдерге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі

Бүгін, 09:28
Торғын Аман Торғын Аман
Елордада дағдарыс орталығындағы әйелдерге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі
фото: freepik

Өткен жылы елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 120 әйел мен 260-тан астам бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Бұл туралы Астана қаласы ПД Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу - ішкі істер органдары қызметінің негізгі міндетінің бірі. Мұндай қылмысты болдырмау мақсатында елордалық тәртіп сақшылары жүйелі жұмыс істеп келеді. Мәселен, қылмыс жасауға бейім тұлғаларды мессенджерлер арқылы қашықтықтан тестілеу енгізілген. Сонымен қатар есепте тұрған азаматтар қатаң бақылауға алынып, маскүнемдік пен нашақорлықтан емдеуге жіберілетін болды.

«Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өкілдері мен тұрғындарды да тартамыз.  Дегенмен бұл мәселені шешу полиция ғана емес, басқа да мүдделі мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігіне тікелей байланысты», - деді Гүлмира Шрахметова.

Әйелдер көбінесе ұрып-соғу мен қорлауға жылдар бойы шыдап, жұбайын немесе серіктесін өздері жөнге салуға тырысады. Бірақ кейде оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталады, балалар зардап шегеді.

«Сондықтан елордадағы үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен жәбірленушілерге психологиялық көмек пен құқықтық қолдау көрсетіледі. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 384 тұлға, оның ішінде 120 әйел мен 264 бала дағдарыс орталықтарына орналастырылды және олармен тиісті жұмыстар жүргізілді», - дейді ол.  

Мамандар агрессорлардың мінез-құлқын психологиялық тұрғыдан түзету қажеттігін айтып жүр. Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында өзара әрекет ету алгоритмін әзірлей отырып, олармен жұмыс жасайтын мамандандырылған түзету орталықтарын ашу туралы бастама көтерілген.

Гүлмира Шрахметованың айтуынша, өткен жылы полицияға аталған құқық бұзушылыққа қатысты 10 мыңнан астам қоңырау түсіпті.

«Былтыр 9251 қорғау нұсқамасы шығарылып, 782 құқық бұзушының мінез-құлқына арнайы талаптар белгіленді. Алдын алуды күшейту мақсатында есепте тұрған контингентпен жұмыс күшейтілді. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мамандар 2149 рет үйлерді аралауға шығып, жағдайы қиын 64 отбасын анықтады, баласын тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамай жүрген 75 ата-ана есепке алынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша 121 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп көрсетті ол.

Астана қаласы "Сарыарқа" аудандық ІІБ-де тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларындағы қауіпті бағалайтын ODARA әдістемесі енгізілді. Қазір ол пилоттық жоба түрінде жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық жоба аясында полиция қызметкерлері «Отбасылық табыс орталығы», «Рухани қоғам әлемі», «Қорғау-Астана» жеке қоры, «Сенімен болашақ» қоғамдық ұйымы, «Үміт» дағдарыс орталығы өкілдерімен бірлесіп, агрессорлармен психологиялық-коррекциялық жұмыстар жүргізеді. ODARA әдістемесі енгізілгеннен бері 15 270-тен астам сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша 106 тұлға тәуекел тобына жатқызылды, 143 адамға мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ тарапынан көмек көрсетілді.