00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ажырасудың 70 пайызы жоқшылықтан - психолог

26 шілде, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ажырасудың 70 пайызы жоқшылықтан - психолог
фото: freepik

Елімізде жыл басынан бері 3,9 мыңнан астам ажырасу тіркелген, деп хабарлады Elorda.info. 

Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының деректері бойынша, биыл 3 айдың ішінде 24,5 мың неке тіркелген. Ал ажырасулар саны 3,9 мыңды құрайды. Былтыр ажырасу 2021 жылдағымен салыстырғанда 7,7 пайызға аз болған. Сарапшылардың айтуынша, биыл да ажырасу көрсеткіші азайған.

Заңгер Құндыз Утебекованың сөзінше, ажырасудың басым бөлігі көпшілік ойлағандай опасыздық пен зорлық-зомбылықтан емес, материалдық жағдайдың жоқтығынан болады екен. 

Маған ажырасу мәселесімен келетіндер көп. Өзім үшін ажырасу туралы статистика жүргізіп отырамын. Ең басты себептің бірі көбі ойлағандай опасыздық пен зорлық-зомбылық емес, материалдық жағдайдың жоқтығынан болып жатады. Көп жағдайда ер адамның отбасын асырай алмауы ажырасуға әкеліп соғады. Бұдан бөлек жиі кездесетін себептерге жұбайының ата-анасымен келіспеушілігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, физикалық күш көрсету жатады. Одан кейінгі орында жұбайының құмар ойындарға салынуы, маскүнемдігі. Ал соңғы орында бір реттік емес, жүйелі түрде жалғасып отыратын опасыздық. Көп әйелдер бұларға төзуге дайын. Бірақ барлық ажырасудың ең маңызды әрі негізгі себебі - моральдық зорлық-зомбылық. Бұндай жағдайды дәлелдеу қиын. Денесінде ұрып-соғудың ізі жоқ, отбасы молшылықта өмір сүреді, күйеуі ішпейді,шекпейді. Тек әйел бақытсыз, моральдық тұрғыдан қысымға ұшыраған. Сыртқы көзге тату отбасы болып көрінгенмен бұның артында қорқынышты трагедия мен моральдық қорлау жатуы мүмкін. Бұндай жағдайда ажырасу дұрыс шешім болып табылады, - дейді заңгер.

18 жылдық тәжірибесі бар заңгер кейде ажырасуға арыз берген адамның шын мәнінде ажырасқысы келмеуі мүмкін екендігін айтты. Тек арадағы мәселені шешуге жұбайының көңілін бұру үшін осындай шарасыз күйге түсетіндер де бар екен. Сол себепті заң бойынша алты ай ішінде татуласу мерзімін белгілей отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға мүмкіндік бар.

Ажырасу себебіне айналған қызық жайт есіме түсіп тұр. Бір қорғалушым ажырасудың себебі ретінде жұбайының әлеуметтік желіде көп отыруын алға тартқан. Әлеуметтік желіде көп уақыт өткізетіні соншалық, бұл олардың отбасылық өмірін адам төзгісіз еткен. Негізі түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Менің бір таныс құрбым тойдан кейін, 2 апта өткен соң ажырасуға шешім қабылдаған еді. Ал бір жолы маған 65-жастағы әйел жолығып, 30-жылдан астам уақыт отасқан күйеуімен ажырасқысы келетінін айтқан, - деп тәжірибесіндегі жағдаймен бөлісті қорғаушы.

Азаматтардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген Құндыз Берекеқызының айтуынша,  некені бұзу процесінде заң тұрғысынан айтарлықтай қиындық жоқ. Тек ажырасудан бөлек арадағы мүлікті бөлу мен бала қамқорлығын шешуде және алимент төлеуде мәселе біраз күрделенуі мүмкін. 

Мен татуласуға берілетін мерзімді қысқарту керек деп ойлаймын. Себебі кейде арызданушы жұбайымен бірге тыныш өмір сүру мүмкін емес болған жағдайда тез ажырасқысы келеді. Ал екінші тарап өз құқықтарын пайдаланып, татуласуға мерзім беруді сұрайды. Меніңше бұл мүлдем дұрыс емес. Татуласуға мерзім бекіту үшін екі жақтың да пікірін тыңдап, арызданушының бірі бұған қарсы болса тез арада ажырастыру процесін аяқтаған жөн. Жалпы бұл процесті жеңілдету керек. Мысалы, екі жақты ыңғайсыз жағдайға қалдырып ажырасу себебін сұраудың қажеті жоқ сияқты, - дейді заңгер.

Психолог Лимана Қойшиеваның да пікірі жоғарыдағы заңгердің ойымен сабақтасып тұр.

Соңғы үш жылдық статистика бойынша ажырасудың 70 пайызы жоқшылықтан орын алады. Бұл түрлі жағдайда көрініс табуы мүмкін. Жоқшылықтың кесірінен ажырасатындардың басым көпшілігі тойды несиеге жасаған, басында баспанасы жоқ, қарызға белшесінен батқандар. Жағдайы мүлдем төмен отбасылардан бөлек, молшылыққа ұмтылатындар да некені бұзуға шешім қабылдап жатады. Қолдағыны бағаламай, одан да жақсы қаржылық жағдайға жеткісі келетін, сол себептен жиі кикілжің шығарып, ажырасуға дейін баратындар кездеседі. Ал басқа себеппен ажырасудың 14-15 пайызы жұбайының ойынқұмарлығы мен маскүнемдікке, есірткіге салынуынан болады. Көпшілігі бұны үйленгеннен кейін  ғана байқап жатады. Ал қалған ажырасужұбайының денсаулығындағы созылмалы аурулардың анықталуынан, мүгедек балалардың дүниеге келуі, ата-енесінің араласуынан немесе тіл табыса алмаудан болады. 7 пайызы қызғаныштан туындайды, - дейді психолог.

Мәселе ажырасумен аяқталса, екі жақ та басқа жар іздеуге асықпағаны дұрыс деген ойын айтты  маман. Ажырасқаннан кейін бірден қарым-қатынас құруға ұмтылу тағы басқа келеңсізжағдайларғаәкелуімүмкінекендігінде алға тартты. Соныменқатар жар таңдауда қателіктерге бой алдырмау үшін біраз уақыт керек. Асығыс әрекет қылғанш аадам өзінің қоғамдағы орнын тауып, ізденіс жасап, тұлға ретінде қалыптасуға тырысқаны жөн.

Соңғы әлемдік статистика бойынша еліміз ажырасу саны бойынша Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұр. Бұл елдегі неке сапасының төмендігін көрсетеді. Көп жағдайда ажырасу некелескеннен кейінгі 5-9 жыл аралығында орын алады деп топшылайдымамандар. Психологтар түсініспеушіліктер мен өткінші мәселе салдарынан ажырасуды бұрыс шешім деп санайды. Адамның физикалық, психологиялық денсаулығына нұқсан келтіретін себеп болмаса қиындықпен бірге күресіп, отбасын сақтап қалған дұрыс. Ал егер зорлық-зомбылыққа ұшыраған болсаңыз, бұған көз жұма қарауға болмайды. 

                                     Мөлдір Мандыбекқызы