Қазақстан неге суицид бойынша алдыңғы орында?
Twitter желісіндегі мына тізімнен туымыздың алдыңғы орындарда тұрғанын көріп, бұл жолы қуанбадық. Өйткені бұл тізімде Қазақтан суицид жөнінен 4-орында тұр. Ал 1-орында – Оңтүстік Африка. Өкінішке қарай, елімізде өзін өлімге қиятын азаматтар азаймай тұр. Күйбең тірлік, жетіспеушіліктен осындай қадамға барады деп ойлауға да әсте болмайтын сыңайлы. Өйткені, әлемдік деректерге үңілсек, экономикасы һәм тұрмыс-тіршілігі бізден көш артта қалған мемлекеттердің өзінде мұндай қорқынышты статистика кездеспейді әзірге. Сонда бұл кеселдің елімізде тамыр жаю сыры неде? Біздің ойымызша, адам тек тұрмыстың тауқыметінен өмірден баз кешпейтін секілді, деп жазады Elorda.info.
Оған ғылыми дәлелді мысал келтірейік. Аустриялық психиатр-терапевт, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған Виктор Франкл негізін қалаған логотерапия ілімінен мысал. Автордың түптеп келгенде суицид туралы қорытындысы мынау: адам өмірден мән тапқанда барып өмір сүруге деген құлшынысы артады. Ал мән жоғалған кезде адамды Әзірейілдің ажал тырнағынан ештеңе құтқара алмайды.
Санжар Керімбайдың осы ілімнің негізінде құрастырған «Логотерапия» кітабында да біраз жайт зерттеліп, айтылған. Онда ауқатты, жетістікке жеткен адамдардың да бір кезде тоқырауға ұшырап, ертерек өмірмен қоштасатыны айтылған. Себебі жаңағы айтылған өмірлік мән жоқ. Ал бүгінгі адамдардың мұңға батып, өмірден баз кешуіне қазіргі кездегі материализм, бәрін тек қана ақшамен, жетістікпен өлшеу мәселесі әсер ететіні және айтылған бұл кітапта. Мәселен, әйелінің күйеуіне ер азамат, ұл-қыздың әкесі, сүйікті жар деп қарауынан гөрі, оған тек табыс көзі, әмиян деп қарауы махаббатты өлтіреді. Сол сияқты ер азаматтың әйеліне деген махаббаты болмаса да солай. Яғни, өмірді мәнді ететін құндылықтың бірі – махаббат. Мүйізі қарағайдай оқу орындарында оқитын, не ішем, не кием демейтін ауқатты отбасылардың балаларының биік ғимарат терезесінен өзін тастауы да сол баланың жанын жылытатын нәрсенің болмауы.
Иә, Виктор Франклдың сөзіне илануға болады. Оған салмақты себеп бар. Өйткені Виктор Франклдің өзі Екінші дүниежүзілік соғыста концлагерьде тұтқын болып, өзінің өмірге деген құштарлығының арқасында аман шығып, ғасырға жуық өмір сүргені көп нәрсені аңғартады. Концлагерьден аман шығып қана қоймай, ондағы азапты күндерді өз көзімен зерттеп, кейін көптеген кітапты жарыққа шығарды. «Сказать жизни «да» деген еңбегінде ол өзін соншама азаптарға берілмей, ішкі діңгегінің құламауына – сүйікті жары мен ата-анасының өзін елде күтіп отырғаны, одан қалса, «Лагерьден құтылып шықсам, бұл туралы еңбегім көптеген адамның өмірін құтқаруға себеп болар еді» деген арманы еді. Яғни, Виктор Франклдың өмірін сақтап қалған, өзі айтқандай, ол – Мән, өмірлік мән мен махаббат. Жә, қазіргі ашық аспан астындағы өмірді концлагерьмен салыстыруға болар ма еді? Жер мен көктей емес пе? Олай болса, біздің өмірден баз кешіп жүрген замандастырымызға осыны ойлау керек-ау. Өз өмірімді қалай мәнге толтырсам деп...
Өз-өзіне қол жұмсау жөнінен 2019 жылғы әлемдік көрсеткіш:
Оңтүстік Африка: 23,5;
Ресей: 21.6;
Оңтүстік Корея: 21.2;
Қазақстан: 18,1;
Украина: 17.7;
АҚШ: 14,5;
Бельгия: 13,9;
Финляндия: 13,4;
Индия: 12.9;
Швеция: 12,4;
Япония: 12,2;
Венгрия: 11.8;
Аустралия: 11,3;
Канада: 10.3;
Норвегия: 9.9;
Пәкістан: 9.8;
Франция: 9.7;
Сингапур: 9.7;
Эфиопия: 9.4;
Польша: 9.3;
Нидерланды: 9.3;
Ирландия: 8,9;
Германия: 8.3;
Солтүстік Корея: 8,2;
Аргентина: 8.1;
Чили: 8.0;
Таиланд: 8.0;
Румыния: 7.3;
Марокко: 7.3;
Португалия: 7,2;
Вьетнам: 7.2;
Ұлыбритания: 6.9;
Нигерия: 6,9;
Қытай: 6.7;
Бразилия: 6.4;
Малайзия: 5,8;
Камбоджа: 5.5;
Сауд Арабиясы: 5.4;
Мексика: 5.3;
Испания: 5,3;
Біріккен Араб имираттары: 5.2;
Израиль: 5.2;
Иран: 5.1;
Ирак: 4.7;
Катар: 4.7;
Италия: 4.3;
Бангладеш: 3.9;
Колумбия: 3.7;
Греция: 3.6;
Египет: 3.4;
Мьянма: 3.0;
Ливан: 2.8;
Алжир: 2.6;
Индонезия: 2,5;
Бруней: 2,5;
Филиппин: 2,5;
Түркия: 2.3;
Ямайка: 2.3;
Иордания: 2.
Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ