Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті
Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 14 қарашада Қазақстанның халық саны 20 миллион адамға жетті.
20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалды: Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х парақшасына.