Астана және Әбу-Даби қалалары арасында рейс саны артады
2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Wizz Air Abu Dhabi» төмен бюджеттік әуе компаниясы ҚР және БАӘ астаналары Астана және Әбу-Даби қалалары арасында аптасына 3-тен 5 ретке дейін тұрақты жолаушылар рейстерінің санын ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Elorda.info Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 4 тамыздан бастап «Wizz Air Abu Dhabi» әуе компаниясы Алматы – Әбу-Даби бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 5-тен 7 ретке дейін (күн сайын) арттыруды жоспарлап отыр.
Рейстер Airbus 320 және Airbus 321 типті әуе кемелерінде орындалады.
Қазақстан мен БАӘ арасындағы рейстер санының ұлғаюы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық әуе тасымалдар нарығындағы бәсекелестікті арттыруға және әуе билеттер бағасының төмендеуіне ықпал ететін болады.