Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай ала ма

19 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай ала ма
Фото: freepik.com

Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Шариғат және пәтуа» бөлімі жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мүфтияттың айтуынша, ораза ұстаушы Рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ ішуін доғармаса, оразасы дұрыс болады, бірақ сауабы болмайды. Арақ ішкені үшін күнә арқалайды.  

«Арақ-шарап ішу – дінімізде харам, үлкен күнә саналады. Ол жайында Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер!», – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім арақ ішетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды», - деді.

Тағы бір хадисте: «Кім арақ ішсе, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Одан кейін тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күн намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Бұдан кейін тағы арақ ішсе, Алла оның тағы да қырық күндік намазын қабылдамайды. Бұл ісіне тәубе етсе, тәубесі қабыл етіледі. Ал төртінші рет тағы да арақ ішсе, Алла оның қырық күндік намазын қабыл етпейді. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпейді де оны «хабәл» (тозақтықтардың іріңінен жиналған) өзенінен сусындандырады» делінген.

Имам Науауи хадистегі «намазы қабыл болмайды» деген сөзді парызы мойнынан түседі, бірақ сауабы жоғалады деп түсіндірген.

Демек намаз сауабының жоғалуы тәубе етпей, арақ ішуді доғармауына байланысты. Егер шынайы тәубе етсе, бұл жаза (намаздың сауабы жоғалуы) да оның мойнынан түсіріледі. Өйткені шынайы тәубе алдыңғы істеген күнә істі жояды.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласына арналған 2025 жылдың ораза кестесі жарияланған болатын. Биыл пітір садақасы 655 теңге болып бекітілді.